Ақтөбеде баспана құны шарықтап кеткен
Мәселен, жыл басында шамамен 7 миллион теңгеге бағаланған екі бөлмелі пәтерлер қазір 8 миллион 500 мың теңгеден бастап саудалануда.
Биыл Мағзуда Сәрсенованың үлкен қызы мектепті тәмәмдап, жоғары оқу орнына түскен болатын. Сондықтан шалғайдағы ауылда тұратын отбасы облыс орталығынан баспана алуды ойлаған. Алайда бірнеше жыл бойы қаражат жинап, пәтер іздеуге кіріскенде екінші деңгейлі үйлердің құны күрт шарықтап кеткен.
Мағзуда Сәрсенова, Ақтөбе облысының тұрғыны:
– Күнбе-күн, ай сайын қымбаттап жатыр пәтерлер. Тамыз айында келіп, бір жетідей жатып, қарап кеттім осы Ақтөбе қаласынан пәтерлерді. Ол кезде 7 миллион 700 сұрап тұрған пәтерлер 8 миллион 800 теңге болып кеткен.
Әлемдік экономиканың құлдырауына қарамастан Ақтөбеде жылжымайтын мүлік құны соңғы жарты жыл бойы тұрақты түрде өсіп келеді. Мұны риэлторлар да растап отыр. Мәселен, маусым айында екі бөлмелі пәтер бағасы 7 миллион теңгеден басталса, қазір шамамен он миллионнан асып жығылады. Алайда мамандар: «Бұл жайттың экономикалық негізі жоқ», – дейді. Үй иелерінің өздері жасанды жолмен қымбаттатып отырғандығын жеткізді.
Айнұр Дүйісова, Жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:
– Қазір үйлер қымбаттап тұр. Миллион мен үш миллионның аралығында өзгеріс бар. Негізінен қазан-қараша айларында көтеріліп кеткен бағалардың барлығы түседі деп күттік. Бірақ ешқандай өзгеріс көріп отырған жоқпыз. Оған қазір кедергі болып отырғаны – доллардың көтерілуі. Және сосын «человеческий фактор» дейді ғой, міне, сол қазір көбіне бізге кедергі болып отырған.
Алайда жаңадан салынған көпқабатты және жеке тұрғын үйлердің нарығында айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Бағалардың шарықтауы тек сұранысы жоғары екі және үш бөлмелі пәтерлерге қатысты. Және бұл жайттың өткен жылдан бері тіркеліп отырғандығын облыстық Статистика департаменті мамандары жеткізді. Әсіресе маусым айынан бері екінші деңгейлі баспанадағы пәтерлердің әрбір шаршы метр 6,4 процентке қымбаттаған.
Шара Нұрпейісова, облыстық Статистика департаментінің басқарма басшысы:
– Өткен жылғы және биылғы қазан айындағы бағаларды салыстырсақ, жайлы жабдықталған пәтерлер құны 10,6 процентке қымбаттаған. Ал жабдықталмаған үйлердің шаршы метрі – 1,3 процентке қымбат. 2020 жылдың қаңтар мен қазан айлары аралығындағы пәтер бағасы өткен жылғы осы кезеңдегіден 4,3 процентке жоғары.
Сәйкесінше өңірде қазір баспана саудасы азайып отыр. Жылжымайтын мүлік агенттіктері: «Айына 2-3 пәтерге ғана келісімшарт жасаймыз», – дейді. Тұрғындардың көпшілігі бағаның төмендеуін күтуде. Алайда оның қашан болатындығын мамандар да болжай алмай отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков