«Адалдық алаңы» жобасының өңірлердегі аяқ алысы қалай?
Мысалы, Сәтпаев қаласында тұрғындарға ыңғайлы сервистік әкімдік қызметі жұмыс істеп тұрса, Жаңаарқа мен Ұлытау аудандарында мұндай қызметті ашуға асықпайтын сыңайлы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент өкілдері Жезқазған өңіріне барып, жемқорлықпен күрес жөніндегі жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Жезқазған өңірінде 3 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан «Адалдық алаңы» жобасы тұрмыстық жемқорлықты жойып, халықтың билікке кедергісіз келуін қамту үшін жасалған. Сондықтан екеуара байланыста қолдан жасалған кедергілердің болмағаны абзал.
Ашық әкімдік жобасы әкімдердің халыққа қаншалықты жақын болатынының айқын көрінісі.
Денис Шәкенов, СЖҚІҚА Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы:
– Сапардың басты мақсаты фронт-офистардың жұмысын бақылау болып табылады. Былтыр Жезқазғанда «Ашық әкімдік» ашылған болатын. Онда бір жерден тұрғындарға қызмет көрсетіледі. Бұл жұмыстардың барлығы ел Президентінің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жүргізіліп отыр.
Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы да, кабинеті де халықтың назарында болады. Себебі коррупцияға қарсы қызметтің «Open Space» жобасы дәл осыған бағытталған.
Қайрат Әбсаттаров, Жезқазған қаласының әкімі:
– «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы аясында біздің әкімдікте де «Open Space» кабинеттері жұмыс істейді. Бұл билік пен бұқараның арасындағы қашықтықты қысқарту мақсатында жасалған. Ол өз нәтижесін беруде.
Алайда мұндай ыңғайлы кабинеттер барлық әкімдерде болмай шықты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың тапсырмасы бойынша Денис Шакенов жергілікті атқамінерлерге ашық әкімдік жұмысы бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев