Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында тағы бір ауыл көгілдір отын желісіне қосылды

Нәтижесінде өңір тұрғындарының 95 проценті қамтылып отыр. Жыл соңына дейін мұндай қуанышты жаңалық Сарықобда ауыл тұрғындарына да жетуі тиіс.

Бір ғасырдан астам тарихы бар Болгарка ауылында қазір 500-ге жуық тұрғын өмір сүруде. Ауылға көгілдір отын жетті. Марина Маринова: «Бұл жаңалықты естіген сәттен елді мекенге баспана іздегендер жиі келетін болды», – дейді. Себебі ауыл тұрғындары үшін от жағып, күл шығару бейнетін айтпағанда, көмірге жұмсайтын қаржының қомақты болатын.

Марина Маринова, Болгарка ауылының тұрғыны:

– 150 мың ақша кететін еді бізде. Кәдімгі тезекті де жақтық, қара көмірді де жақтық. Енді қазір қиындықтан құтылып тұрмыз. Бізде өте үлкен қуаныш. Көптен күткен қуаныш бүгін арманымыз орындалды. Көгілдір отынымыз үйлерімізге келді.

Болгарка ауылына дейінгі 20 шақырым газ құбырының құрылысы 24 қыркүйек күні басталған. «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасы аясында 235 миллион теңге қаражат жұмсалды. Көгілдір отыны жеткен алғашқы күні-ақ 9 үй орталық желіге қосылған.

Әсет Әбіляшев, «ҚазТрансГазаймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалы директорының орынбасары:

– Қосылу жұмыстары әрі қарай жалғасады. Үйлердің газ тарату желілерінің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге. 56 келісімшарт бар қазіргі таңда. Соның ішінде 40 үйге құрылыс-монтаж жұмыстары бітірілді.

Жыл соңына дейін Алға ауданының Сарықобда ауылына да құбыр тартылып бітуі тиіс. Нәтижесінде тағы 92 үй мен 3 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылады. Ол үшін ұлттық оператор қаражатынан 195 миллион теңге инвестиция бөлінді.

Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:

– Болашағы бар ауыл. Мынау судың бойында, жолдың бойында орналасқан. Тұрғындары еңбекқор, күні-түні ізденісте жүрген осындай тірек ауылдарға біздер газ тартуға жол салып беруге міндеттіміз. Қалған уақытта күні-түні еңбек етіп, табыс табатын өздеріңіз.

Бұған дейін облыс төңірегінде көгілдір отынға мұқтаж болған 323 елді мекеннің қазір 128-іне газ құбырлары жүргізілген. Яғни облыс тұрғындарының 95 проценті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 97 процентке жеткізу жоспарланған.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков