Junior Eurovision 2020: Қ.Башанованың өнеріне шетелдік тыңдаушылар да тәнті
Жас әнші үшін тек отандастарымыз ғана емес, шет мемлекеттердегі жанкүйерлері де дауыс беруге дайын.
Junior Eurovision халықаралық балалар ән байқауына үш ақ күн қалды. Алдағы жексенбіде 12 елдің жас дарындары виртуалды сахна төріне шығып, өнер көрсетеді. Қазірдің өзінде жанкүйерлер қатысушылардан көз жазбай, өз болжамдарын жасап жатыр. Ән байқауында «Forever» әнін орындап, елімізді таныстыратын Қарақат Башанованың талантына тамсанып жатқан шетелдік жанкүйерлер саны көбейіп бара жатыр.
Адриана Дептула, Қарақат Башанованың жанкүйері /Польша/:
- Мен Польша елінде тұрамын .Қарақаттың дауысын естігенде бірден жақсы көріп қалдым. Ол өз әнін керемет орындайды. Польша елінен де байқауға қатысатын әнші бар екенін білемін. Алайда мен өз дауысымды Қарақатқа беретін боламын.
Айта кетейік, былтыр Польша елінің өкілі бұл байқауда көш бастаған. Биыл интернет желісіндегі бағалау бойынша әзірге Испания мемлекетінің әншісі көш бастап тұр.
Якуб Колембус, Қарақат Башанованың жанкүйері /Словакия/:
- Мен екі жылы бұрын Junior Eurovision байқауын көре бастадым. Биыл Қазақстандық Қарақат Башанованың әні көңілімнен шықты. Даусы өте мықты екен. Қарашаның 29-ында мен міндетті түрде дауысымды Қарақатқа беремін.
Әр жанкүйер үш мемлекеттің әншісіне өз дауысын бере алады. Қарашаның 28-інде түнгі сағат 01:00-де junioreurovision.tv немесе jesc.tv сайтына кіру керек. Жеңімпаз 29 қараша күні белгілі болады. Junior Eurovision халықаралық балалар ән байқауы «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Айта кетейік, еліміздің талантты балалары аталған байқауға биыл үшінші жыл қатарынан қатысуда. Бұған «Хабар» Агентігінің еуропалық хабар тарату одағының мүшесі болуы мүмкіндік беріп отыр.
Авторы: Дариға Ташенова