Хабар телеарнасы

Ақтаудағы қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесі енгізілді

Бұл жолаушылардың уақытын үнемдеуге және өзге адамдармен тікелей қарым-қатынасты азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа электронды құрылғы әзірге 18 автобусқа орнатылды.

Жақында Ақтаудағы автобустарға электронды төлем құрылғылары қойылған еді. Бұл қала тұрғындары мен қонақтары үшін жолақыны төлеуді анағұрлым жеңілдетті. Банк карточкасы арқылы әп-сәтте қажетті сумма алынады. Электронды төлеу жүйесіне тағы бір жаңашылдық енгізілді. Енді QR-код арқылы да төлем жасауға болады.

БЛИЦ:

Қазір ешкім қолға ақша ұстамайды. QR-кодпен төлей саламыз, бұл өте ыңғайлы.

- Автобусқа мінгенде қиналушы едім. Енді мұнда да құрылғы қойылып, карточкамен төлеуге мүмкіндік туып жатыр. Кондукторды іздеп әуре болмайсың.

Жолақыны электронды төлеу құрылғысы әзірше 18 автобусқа енгізілді. Олар қаладағы үш бағыт бойынша қатынауда. QR-код суреті салонның бірнеше жеріне ілінген. Ұялы телефоныңызды жақындатқан бойда мобильді қосымшада электронды билет пайда болады. Онда автобустың нөмірі, жолақы құны мен оны төлеген күні, сағатына дейін көрсетіледі.

Әсет Медресин, Электронды төлем жасау жүйесін жүзеге асырушы компанияның өкілі:

Транспорт деген бөліміне кіріп, QR-код камерасына басып, төлем жүргізе аласыздар. Сонда жолақы сіздің балансыңыздан шешіледі. Қазір үш бағыттағы автобусқа енді. Біз оны басқа да бағыттағы автобустарға қосқымыз келеді.

Қала автопаркінде 74 қоғамдық көлік бар. Жуырда оның 25 проценті жаңарған болатын. Жаңа жылға дейін тағы су жаңа 40 автобус сатып алынбақ. Енді өңірдің көрікті жерлерін де қоғамдық көлікпен тамашалауға болады. Бүгін саяхаттаушыларға арналған арнайы ашық алаңы бар екі қабатты автобус әкелінді. 67 орындығы бар көліктің 2-қабатында бейнебақылау жүргізіледі. Бұл жүргізушіге ішкі тәртіпті қадағалуға мүмкіндік береді. Көліктің жүру бағытын жоба авторлары жасақтап жатыр. Экскурсия барысында туристер қарт Каспийдің жағалауымен жүріп, әсем табиғатымен және өлкенің сәулет ескерткіштерінің тарихымен танысады.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев