Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті
Комиссия құрамына Президент Әкімшілігі мен Үкімет өкілдері, Сенат және Мәжіліс депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйым басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері мен ғалымдар, барлығы 49 адам кіреді.
Отырыста Мемлекеттік хатшы басты мақсат – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру екенін атап өтті.
Жиында Мемлекеттік комиссияның қызметін 2020-2021 жылдарға арналған жұмыс жоспары қаралды. Қуғын-сүргінге ұшыраған әртүрлі топтарды ақтау бағыттарын пысықтау үшін арнайы жұмыс топтарын құру ұсынылды.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
– Ендігі жерде алдымызда аса ауқымды міндеттер, күрделі тарихи мәселелер тұр. Бұл істі баршаңызды байыптылықпен, барынша жауапкершілікпен қарауды сұраймыз. Мемлекеттік комиссия эмоцияға беріліп, қызылкеңірдек дау-дамайға жол беретін дискуссия алаңы емес. Біздің мақсатымыз орнықты шешімдер қабылдап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы жоғары кәсібилік пен әділдікке қалтқысыз қызмет ету екенін естеріңізге саламын.
Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры:
– Бүгінгі күні 100 мыңның үстінде республикамыздың азаматы қуғын-сүргінге ұшырады десек, комиссияның нәтижесі бойынша ол цифр он мыңдап өсіп кетуі мүмкін. Соларды анықтау керек, соларды зерттеу керек. Облыс орталықтарындағы мұрағаттарда жұмыс болады. Алматы және Нұр-Сұлтан қаласындағы мұрағаттарда да жұмыс топтары жұмыс істейді.