Қарасу мен Қамысты аудандарында денешынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды
Жеті елді мекенде заманауи стадион пайда болды. Өңірде бірнеше дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Солардың бірқатары жақында пайланауға берілді.
Октябрь ауылында салынған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағы – 1800 шаршы метр. Мұнда спортпен шұғылдану жергілікті тұрғындар үшін тегін. Барлық залдар тренажер, басқа қажетті құралдармен толық жабдықталған. Карантиндік шектеулерге байланысты қазір мұнда келушілер жоқтың қасы. Әзірге қандай да бір спорт түрімен айналысуға ниетті адамдардың тізімі жасалып жатыр.
Людмила Ерёменко, спорт кешенінің әкімшісі міндетін атқарушы:
– Баскетбол, волейбол, шағын футбол, күрес, теннис, шахмат, ауыр атлетикамен айналысам деушілерді қабылдауға әзірміз. Футбол ойнағысы келетін балалар көп. Бүгінгінің өзінде олардың төрт тобы бар.
Қамысты ауданында да бұқаралық спортты дамыту мүмкіндігі кеңейе түсті. Мұнда 40 жыл жөндеу көрмеген ескі стадион адам танымастай өзгерді. Электронды табло, жарық, жасанды төсеніш,бүкіл инфрақұрылымы халықаралық стандартқа сай. Бұл стадионды жаңғыртуға 500 миллион тенге жұмсалған.
Виталий Яковлев, бапкер:
– Стадионға салынған қаржы халқымыздың, балғындарымыздың денінің саулығы есебінен қайтады. Ертең осы жерден ел намысын қорғайтын чемпиондар өсіп шығатынына кәміл сенемін.
Тек биылдың өзінде «Еңбекпен қамтудың жол картасы» бойынша облыста 12 спорт нысаны күрделі жөндеуден өтті.
Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:
– Қазіргі кезде облыста 288 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады. Халық санына шаққанда бұл – 33,3 процент. Еліміз бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі.
Облыста шаңғы тебу спорты да жақсы дамып келеді. Қазір сол үшін арнайы шаңғы базасы салынып жатыр. Екі жарым шақырымдық трассада жыл он екі ай жаттығуға болады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг