Атырауда 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды
Нәтижесінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Ал карантин кезінде көптеген мұнай компаниялары өндірістегі жұмысшыларын қысқартқан еді. Мемлекет қолдауымен жүзеге асып жатқан жоба өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге сеп болуда.
Сылақшы Жарқынбай Байғабылов бұған дейін мұнай компаниясының белді жұмысшысы болатын. Алайда жұқпалы індет салдарынан өндіріс тоқырап, өзі секілді жүздеген адаммен бірге табыс көзінен айырылған.
Жарқынбай Байғабылов, құрылысшы:
– Карантинге байланысты қысқарып қалдық. Үйде 42500 теңге алып жаттым басында. Сосын осында келдім. Қазір орналастым, шүкір, жақсы. 100 мыңның үстінде еңбекақы бар. Өзіме ұнайды жұмысым.
1200 орындық жаңа мектептің құрылысында Жарқынбай секілді 60-тан астам адам еңбек етіп жатыр. Айтқандай, бұл құрылыс та жазбойы тоқтап тұрған болатын. Мемлекеттің қолдауы арқасында қайта қарқын алды. Мерзімінен кешіктірілген нысанды уақытында тапсыру үшін жұмыс күші әлі де жеткіліксіз.
Асқар Төленов, мердігер мекеменің өкілі:
– Жұмыс сұрап келгендерді әлі де алып жатырмыз. Бізге қазір 40 шақты адам әлі де жетпейді. Соның ішінде тас қалаушылар, сылақшылар, еден жуушылар, осындай санаттар жетпейді.
Жұқпалы індеттің салдарынан жұмыссыз қалғандарды кәсіпке тарту мақсатында облыста 64 жоба қолға алынып, 7 мыңнан астам жұмыспен қамтылды.
Серік Хамидолла, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
– Осы бағдарламаға қатысушылар өздері тұрғылықты жеріндегі Жұмыспен қамту орталықтарына тіркелді. Сол жерде осы бағдарламаға ұтып алған мекемелер келіп, бос жұмыс орны жәрмеңкелерін өткізіп, өзіне керекті мамандарын алуда.
Мұнайлы өңірде жыл соңына дейін 14 жоба жүзеге асырылды. Қалғаны алдағы жылдардың еншісінде. Айтқандай, осындай әлеуметтік жобалар аудандарда да қолға алына бастаған. Нәтижесінде 16 жарым мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин