Ақтөбе облысы инвестиция тартудан үздік үштікке енді
Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша өңірдің негізгі капиталына 530 млрд теңгеден астам қаржы құйылған. Бұл мыңнан астам адамның тұрақты жұмыс табуына септігін тигізеді. Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған кәсіпорындардың кейбірі көрші елдің нарығына да өнім шығармақ.
Бірнеше ай бұрын іске қосылған бұл цех биыл жүзеге асқан өңірдегі ірі жобалардың қатарында. Осы аймақтан өніміне сұраныс артқан құрылыс материалдарын шығаратын компания ең қажетті ұнтақ қоспаларды жергілікті жерде өндіруді ұйғарған. Нәтижесінде италияндық жабдықтар орнатылып, өндіріс желісі қалыпты жолға қойылды. Кәсіпорынның технологиялық дамуына мемлекеттік грант та бөлініп, қолдау көрсетілген.
Виктория Охрамий, «Alina Group» ЖШС филиалының директоры:
- Бұл өндіріс желісі бізге өнімнің мәрмәр ұнтағын шығаруға мүмкіндік берді. Оны құрылыста, жол жабындысы секілді бірқатар жұмыста қолдануға болады. Цехтың іске қосылуы өте тиімді болып тұр.
Бұл цехтың іске қосылуымен ондаған адам жұмыспен қамтылса, өндіріске қажетті шикізат та жергілікті жерден алынады. Жобаны жүзеге асыру үшін 900 млн теңге тартылған. Оның ішінде мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың да үлесі бар. Бүгінде аймақ инвестиция көлемі мен жобалардың саны бойынша елдегі үш көшбасшы өңірдің қатарына кіріп отыр.
Иран Шархан, Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
- Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 532 млрд теңге негізгі капиталдан инвестициялар салынған. Былтырғы жылмен салыстырғанда ол 107,6% құрайды. Индустрияландыру картасы шеңберінде 1150-ден астам адам жұмыспен қамтылды. 23 жоба жүзеге асырылуда.
Инвестициялық жобалар негізінен энергетика, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, ауылшаруашылық және өзге де салаларда іске аспақ. Қазірдің өзінде индустрияландыру картасына енген 13 кәсіпорын жұмыс істеп тұрса, тағы оны жыл соңына дейін ашылатын болады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев