ШҚО-да бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді
Сондай-ақ 60 пәтерлі тұрғын үй ел игілігіне берілді. Бесқабатты үйдің маңында ойын алаңы мен автотұрақ салынып, толық абаттандырылған.
Глубокое ауданы үшін Тәуелсіздік күні мерекесі тартымды жаңалыққа толы болды. Өткен жылдың мамыр айында басталған 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Ондағы 45 пәтер аз қамтылған немесе апатты үйлерде тұрып жатқан отбасылар мен ата-анасы жоқ балаларға берілсе,15 пәтер көпбалалы жанұяларға берілді. Бесқабатты үйдің маңында ойын алаңы мен автотұрақ салынып, толық абаттандырылған.
Даниал Ахметов, облыс әкімі:
– Сіздерге мына тамаша пәтерлерді беріп тұрмыз. Пәтер деген не? Бұл – біздің бақытымыз, қуанышымыз. Қымбатты жерлестерім, сіздерді біріншіден, Ұлы мерекемен құттықтап, зор денсаулық, шаттықты бақыт тілеймін.
Көпбалалы аналар да мемлекет тарапынан өздеріне айырықша көңіл бөлініп жатқанына ризашылықтарын жеткізіп, қуаныштарымен бөлісті.
Айнұр Жомартова, көпбалалы ана:
– Көпбалалы аналар баспаналы болып жатыр. Бүгін менің отбасымда сондай ақ түйенің қарны жарылған күн, көптен күткен арманымыз баспанаға қол жеткізіп отырмыз.
Глубокое ауданындағы мерекелік тартудың тағы бірі – мұнда жаңа Мәдениет үйі бой көтерді. Отыз жыл бойы мәдени нысансыз отырған аудан жұрты осы мәселені облыс басшылығына жеткізген болатын. Енді, міне, халықтың ұсынысы ескеріліп, 300 орындық көрермен орны бар ғимарат келушілерге есігін айқара ашты. Жаңа ғимараттың алдында әдемі алаң орналасқан. Оған ұлы ақын Абай Құнанбаевтың бюсті қойылды.
Жалпы облыста мейрамға орай 11 әлеуметтік маңызы бар нысан ел игілігіне ұсынылды.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов