Елордадағы кинотеатрлар шығынға батса да, өз жұмысын жалғастыруға ниетті
Айта кетейік, желтоқсанның 26-нан бастап бас қаладағы кинотеатрлардың ашылуына рұқсат берілді. Мекеме аз уақытта өз жұмыс кестесін жасап, көрсетілім тақырыптарын да іріктеп үлгерген. Ал билет қатты қымбаттамайды.
Тоғыз айлық үзілістен кейін елордадағы кинотеатрлар өз жұмысын отандық туындыны көрсетумен бастады. «Папа поневоле» – қазіргі мерекелік көңіл күйге арналған отбасылық комедия. Оның алғашқы көрермендерін қолдауға кинодағы кейіпкерлерді сомдаған актерлер мен бас продюсердің өзі келді.
Тәуекел Мүслім, басты кейіпкерді сомдаушы:
– Кішкене заң бұзушылық жасаймыз кинода. Жалпы көзқарасы жақсы, бәріне ұнап жатыр. Менің байқағаным, бәрі киноны отбасымен барып көріп жатыр.
Тимур Бақтыбаев, бас продюсер:
– Тәуекелді де басқа образда көрсетейік деген оймен оны осы киноға шақырдық. Әркім өзінің ролін жақсы алып шықты. Бұл кино – бүкіл отбасылық қарайтын кино. Жаңажылдық көңіл күй сыйлайтын кино деп айтсақ болады.
Кинотеатр сағат 10:00-ден бастап түнгі 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Келушілердің қауіпсіздігі үшін залды тазалау, залалсыздандыру жұмысы жан-жақты ойластырылған.
Ерлан Бұхарбаев, Kinopark Kinoplexx Theatres компаниясының PR директоры:
– Продюсер Тимур алғашқылардың бірі болып, қазақстандық кинотеатрларды қолдауға ниет танытты. Оның бұл шешімін Кристофер Нолан және Том Круздың әрекетімен салыстыруға болады. Олар саланың қайта аяққа тұруына, индустрияның дамуына жанашырлық танытуда.
Айта кетейік, көрермен талғамына сай шетелдік киноларда көрсетіледі. Ең бастысы – билет құны қатты қымбаттамайды. Тіпті бұрынғыша бір мың теңгеге де кино көруге болатын арнайы ұсыныстар кестесі жасалыныпты.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин