Хабар телеарнасы

Петропавлдағы Жұмысшы кентінің тұрғындары кәріз қалдықтарының астында қалуы мүмкін

Бар мәселе жартаста емес, сол жартастың жанында орналасқан үйлерде болып тұр. Тезірек алдын алмаса, тұрғындар баспанасын су баспақ түгілі, оның орнын сипап қалуы мүмкін. Үй иелері әкімдікке талай рет арызданғанымен, жауап жоқ.

Татьяна Джулай, Петропавл қаласының тұрғыны:

-Мәселені айтып, бармаған жеріміз жоқ. Алғашқы жылы су басқанда,  жергілікті әкімдікке барып, осы жерде су ағатын құбыр бар екенін айтқан едік. Бірақ олар бұл құбыр біздің меншігімізде емес деп қоя салды.

Тұрғынның бақшасын бүгінде түгелдей су басып қалған. Қыстың көзі қырауда ол қатып, қалың мұзға айналған.

Татьяна Джулай, Петропавл қаласының тұрғыны:

-Көктемде мынаның бәрі ерісе, су астында қаламыз.  Үйге бір метрдей ғана қалды. Енді ертең баспанам бұзылуы мүмкін. Бұрын мұнда балалар сырғанақ теуіп ойнайтын. Қазір халық мұз үстінмен жүруге үрейленеді. Оның үстіне исі қолқаны қабады.  

Самат Қайырденұлы, тілші:

-Тұрғындардың айтуы бойынша, бұл жардың тереңдігі шамамен 1,5 метрден асады. Сондықтан халық өздерінің балалары үшін алаңдайы. Балақайлар болса, күндіз бұл жерді ойын алаңқайына айналдырған.

БЛИЦ:

 -Осы маңдағылар мұны сасық өзен деп атап кетті. Бұрын өткен бар еді. Ол мұз астында қалды. Салдарынан қызымның үйіне бару үшін бірнеше көшені айналып өтуіме тура келеді.

 -Бұрын таза, жазда адамдар шомылатын. Қазір лас болған соң, бармауға тырысамыз.

Аталған мәселені әкімдіктігілер білмейді емес, біледі. «Тергеу жүргізіп, кінәлілерді жазалаймыз», – деп отыр.

Бақыт Ілиясов, Қалалық ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

-Тұрғындар суағарларға кәріз құбырын заңсыз жалғап алады. Мұндай мәселе Петропавлда бар. Оның үстіне ескі кәсіпорындарда осы желілер арқылы қалдықтарын ағызып жіберуі мүмкін. Қазір бірнеше нұсқа жасап, мәселені анықтап жатырмыз.

Жауаптылар бүгінде 500 метр аумақты тексерді. Әлі еш заңбұзушық таппады. Бұдан бөлек енді осы жердегі өткелді қалыпқа келтіруді жоспарлап отыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Сюжеттен көргеніміздей, бұл мәселе тұрғындарға қауіп төндіріп тұр. Олар үйлерін су басса, қиындыққа душар болатыны сөзсіз. Сондықтан жауаптылар бірден сөзден іске көшті. Мәселен, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін Кутузов көшесіндегі аталған жардың үстіне жаңадан өткел орнатылды. Енді осы учаскеде судың арнасын басқа жаққа бұру көзделіп отыр. Ал кәріз суының қайдан келіп жатқаны әзірге белгісіз.