Биыл Балқаш ауданының тұрғындарына көгілдір отын беріледі
Бүгінде Алматы облысындағы елді мекендердің 60% газ тартылды. Бұл көрсеткіш жеті жыл бұрын небәрі 20% болыпты.
Бұл іс «Алматы – Талдықорған» магистралды газ құбыры іске қосылғаннан кейін ширай түсті. Бүгінде Қапшағайдан Бақанасқа газ құбыры тартылып жатыр. Көп ұзамай Балқаш ауданының тұрғындарына да көгілдір отын беріледі.
Жеті мыңға жуық халқы бар Бақанас ауылының тұрғындары бұрын үйлерін тек сексеуілмен жылытатын. Еліміз бойынша сексеуіл кесуге мораторий жарияланған соң, жиде ағашын тамызыққа пайдаланып, көмір сатып алуға көшті. Алдағы қыста Бақанас, Ақдала ауылындағы әлеуметтік нысандар мен үйлер көгілдір отынмен жылытылады.
Жеңіс Иманқұлов, мердігер компания өкілі:
- Ауданда халықтың әл-ауқатына, игілігіне деп осындай жақсы істер атқарылып жатыр. Біз де құбырларды тартып, ақпан айының соңында жұмысты аяқтауға уәде беріп отырмыз.
Амангелді Қалиақпаров, Бақанас ауылының тұрғыны:
- Әрине, Балқаш ауданы үшін үлкен өзгеріс болып жатыр. Газ келіп, халықтың жағдайы жақсарып қалды.
2018 жылы Қапшағайдан Малайсары асуы арқылы Балқаш ауданының орталығына газ құбырын тарту жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа 3,2 млрд теңге бөлініп, игерілді. Ал ауыл ішіне төмен қысымды газ құбырын кіргізу жұмыстары жеке инвестиция есебінен жүргізіліп жатыр.
Ғалым Тоқпейісов, Балқаш ауданының әкімі:
- Газ құбыры мемлекеттің араласуымен, бірақ жекеменшіктің қаржысына салынып жатыр. 2020 жылдың тамыз айында басталды. Бақанас ауылына 1 млрд 160 млн теңгенің газ құбыры өткізілуде. Енді 30% көлемінде жұмыс қалды. Ол 2021 жылдың қаржысына жүргізіледі. Жұмыс 1 маусымға дейін толық бітіп, пайдалануға беріледі деп күтіп отырмыз.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Балқаш ауданының орталығы Бақанасқа төмен қысымды газ құбырын тарту жұмыстары қазір шамамен 70% аяқталды. Биыл Бақбақты, Бірлік, Бояулы, Миялы елді мекендеріне көгілдір отын жеткізу жұмыстары басталады. Бұл мақсатқа 3,7 млрд теңге қаралған.
«Алматы – Талдықорған» магистралдық газ құбырын салудың арқасында Жетісу жеріндегі елді мекендерді газдандыру деңгейі 2014 жылғы 20%-тен 59%-ке дейін өсті. «Талдықорған – Үшарал» және «Шелек – Кеген – Нарынқол» магистралдық газ құбырының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сараптамадан өтіп, тиісті қаржысы бөлінсе, Ақсу, Сарқан, Алакөл, Кеген және Райымбек аудандарының 195 елді мекені көгілдір отынмен қамтылады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов