Алматыда полиция қызметкерлері мен мұғалімдерге екпе салу жоспарланып отыр
Осы уақытқа дейін қалаға 10 мың 800 доза жеткізілген. Екінші кезеңде вакцинаны коронавирус жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлер алады. Ал ақпан айында алғаш болып екпе алған адамдарға қазір ревакцинация жасалып жатыр. Бұл шара 12 наурызда аяқталады. Алғашында Алматыға ресейлік «Sputnik V» вакцинасының 1 мың 750 дозасы жеткізілсе, 22 күннен кейін дәл осындай көлемде қосымша вакцина әкелінді. Алғашында екпе егу шаһардағы 15 емханада жүргізілсе, қазір 39 емханада салынады. Енді қалада полиция қызметкерлері мен мұғалімдерге екпе салу жоспарланып отыр.
Лаура Мырзағали, Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Вакциналаудың бірінші кезең сәтті аяқталды. Денсаулықтарына байланысты вакцинадан шеттетілген адамдарға кейін дәрігерлердің рұқсатымен екпе салынды. Үш қызметкер ғана өз еркімен екпе қабылдаудан бас тартты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа шалдыққандарға да екпе егуге кеңес береді.