Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров: әр гектар ерекше бақылауда болады
Батырларымыз осынау қасиетті мекенді найзаның ұшымен, білектің күшімен аман сақтап қалды. Міне, жерге деген махаббат пен оны қызғыштай қоруды осыдан-ақ аңғаруға болады.
Алайда бүгінгінің кейбір батырлары: «Жерді сатамыз!» деп дау туғызған еді. Жер мен жесір дауы алашты қашанда алаңдатпай қоймайтыны ежелден-ақ белгілі. Осылайша жұрт жерді сатамыз дегендердің жер-жебіріне жетті.
Президент бұқараның бұған бұлқынғанын көріп: «Жерді шетелдіктерге сатпақ түгілі, жалға да бермейміз!», – деді. Осымен іс біткендей көрініп еді. Алайда негізгі жұмыс енді басталыпты.
Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Оған жұмыс тобының мүшелері түгелдей қатысты. Түрлі пікірлер айтылып, ұсыныстар көтерілді.
Апта аяқталуға аз қалғанымен, осы аптадағы алғашқы жұмыс күні басталды. Бастала сала, басты тақырып талқыға түсті. Жер дауы оңай емес екенін бәрі біледі. Сондықтан комиссия мүшелері, мереке күндері Наурыз көжеге тойып, тың қуат жинап келіпті. Әдетте әлем-сәлемі қазақшадан басталып, ары қарай орысшадан көсілетін спикерлер бүгін бірыңғай ана тілінде сайрады. Басқа-басқа бабалар рухы бір аунады-ау. Олар осы тіл мен жер үшін қанша қан төкті. Хош, жер шетелдіктерге сатылмайды. Ол түсінікті. Оларды былай қойғанда Қазақстан азаматтарына да сатылмақ емес.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жекеменшікте емес, тек мемлекеттің құзырында болуы керек. Ең алдымен бұл – біздің геосаяси жағдаймызға байланысты. Басқаша айтқанда, бізде халық тығыздығы өте төмен. Сондықтан мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жер ресурстарымыздың жекеменшікте емес, тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды.
Ол дұрыс шығар. Себебі жер – жекеменшікке берілетін зат емес. Ауыл шаруашылығына арналған жердің 99% – мемлекеттің меншігінде. Сондықтан жерді кім, қашан жалға алды, кім, қалай игеріп жатыр? Бұл сұрақтардың жауабын білуде кедергілер көп секілді. Бұл ретте қоғамдық бақылауды күшейту қажет.
Жигули Дайрабаев, Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы:
- Жерді жалға алғандардың ашық тізімі болуы керек. Тіпті жер пайдаланушы заңды тұлғалардың құрылтайшыларының кім екенін, қай жердің азаматы екенін жердің нақты иесі – халық білуі шарт. Президентіміз халыққа жасаған соңғы Жолдауында: «Қоғамдық бақылау рөлін күшейту керек», – деп қадап айтты. Сондықтан «Елдің көзі – елу» деген принципті жер мәселесіне де пайдалануымыз керек.
Жерді игеру ісінде қоғамдық бақылаудың маңыздылығы орасан зор. Себебі пайдаланылмаған жерден пайда табатындар пайда болыпты. Жер иеленушілер қазақтың қара жерін кепілге қойып, қыруар қаржыны қалтаға басып, сосын қыр асып, қара бет қылып, қашып кетпесіне кім кепіл? Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы осыған алаңдайды.
Жигули Дайрабаев, Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы:
- «Жер шетелдіктерге берілмесін!» деп дабыл қағып жүргенде қазіргі жер пайдаланушылардың Қазақстан резиденттігінен шығып, шетел азаматтығын алып жатқанын байқамай қалдық. Өкінішке қарай фактілер бар. «Заң кері күшіне ие бола алмайды» деген кертартпалықты қойып, тиісті механизмдерді қарастырған абзал.
Осы қара бастың қамын ойлап, халықтың қазынасын қарпып, шетелге қашып кететіндер бәле болды-ау. Сондай сұмпайылардан сескеніп, сан соғудың алдын алуға күш салынып жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге берілмейтіні белгілі. Енді шетелдіктермен некеде тұрған азаматтардың да алуына шектеу қойылды. Ауыл шаруашылығы министрі осылай деді. Сапархан Омаровтың сөзінше, бүгінде әр гектар ерекше бақылауда болады. Ауыл шаруашылығы алқаптары ғарыштық мониторинг арқылы тексеріледі. Мәселен 2016-2020 жылдар аралығында шамамен 15 жарым миллион гектар жер игерілмепті. Оның 5 жарым миллиондай гектары ауыл шаруашылығы мақсатына қайта тартылып, тағы 5,6 миллион гектары мемлекеттің меншігіне қайтарылды. Ал 4,4 миллион гектарды сот арқылы алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- 2019 жылы заңнамалық өзгерістер енгізілгеннен кейін 2020 жылдың қаңтарынан бастап Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында ауыл шаруашылығы жерлерін ғарыштық мониторингілеу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. 2020 жылғы желтоқсандағы жай-күй бойынша аталған өңірлердегі пилоттық жоба аяқталды. Ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша пилоттық өңірлерде 8,3 млн га анықталды.
Ұлы даланың уызынан нәр алған бүгінгі ұрпақ бабалар аманатына аса құрметпен қарайды. Оған екі сағатқа созылған жиын дәлел. Жұмыс тобының төрағасы Ералы Тоғжанов бәрінің пікірін тыңдап шықты. Бас-аяғы 60-қа жуық ұсыныс айтылды. Енді оны 3-4 топқа бөліп, талдайды. Сөйтіп әр аптаның сенбісі комиссия мүшелері жиналып, талқылайды. Әйтпесе бұл бір күнмен шектелетін тақырып емес. Жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн.