Алматылықтар он жылдан бері жергілікті биліктен жолды асфальттауын сұрап келеді
Өйткені ойдым-ойдым қара жолмен қар еріп, жаңбыр басталған соң жүру мүмкін емес. Тау бөктеріндегі ықшам ауданда жол талғамайтын көліктердің өзі батып қалады екен. Өткен жылы инженерлік желі тартылған соң, жолмен жүру тіпті қиындаған. Тұрғындар 11 жылдан бері 18 млн теңге жинап, бірнеше рет тас төсеткен. Бірақ қара жол осы қыста жеңіл көлікпен жүруге келмей қалған.
Олег Вилиахунов, қала тұрғыны:
- Біз осы жолмен алысып келе жатқанымызға 11 жыл болды. Бүгінге дейін өз күшімізбен жөндеп, тегістеп, тас төгіп келдік. Аудан әкімдігіне бірнеше рет барып, «ақша жоқ» деген жауап алып қайттық. Ал мынау жыралар ай сайын үгітіліп, топырағы көшіп тұрады. Жолға 500-ден 1000 текше метрге дейін топырақ құлайды.
Ойдым-ойдым болған таулы жол 50-ден астам үйді қаламен байланыстырады. Тұрғындар: «Ауырып қалсақ, жедел жәрдем, қызыл жалын тұтанса, өрт сөндіру көлігі көтеріле алмайды», - дейді. Қазір жұрт көліктерін төменге қойып, жаяу жүруге мәжбүр.
Катерина Бенджемен, қала тұрғыны:
- Біз отбасымызбен коронавируспен ауырған кезде жедел жәрдем шақыра алмадық. Өйткені мына жолмен келе алмады. Тест алу үшін жаяу көтерілді. Дәрігерлер жол жаман екенін айтып, үйге келіп ине салудан бас тартты. Сонда біздің өмірімізден осы жол маңызды ма? Салықты не үшін төлеп отырмыз?
Шабынсай шатқалындағы Мұзтау ықшам ауданына өткен жылдан бастап инженерлік желі тартыла бастаған. Соның әсерінен ескі жол одан әрі батпаққа айналыпты. Бұған жауапты «Алматы Су» кәсіпорны асфальт тек мамыр айына қарай төселетінін айтты.
Ақбота Жылысова, «Алматы Су» МКК баспасөз хатшысы:
- Карантин жағдайларына байланысты біз ол жұмыстарды толығымен аяқтай алмадық. Бейсеуов көшесіне ғана толығымен асфальт төселіп, жұмыстар аяқталды. Ал Замартас пен Айдарлы көшелерінде жұмыстар толығымен аяқталған жоқ. Дегенмен біз міндетті түрде мамыр айына дейін барлық жұмысты аятаймыз.
Мұзтау ықшам ауданында инфрақұрылым жүргізу үшін бюджеттен 840 млн теңге бөлінген. Қаражатқа 10 шақырым су құбыры, 6.5 шақырым кәріз құбыры тартылды. Ендігі кезекте асфальт төселмек. Тұрғындардың сол асфальттың төселгенін күтуден басқа амалы жоқ.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев