Тығыз орналасқан тұрғын үйлерге тұрғындар наразылық танытуда
Даудың басы жаңа нысанның жақын салынуынан басталған. Мұнда көпқабатты ғимарат арасындағы қашықтық сақталмаған деп отыр. Оған қоса, ауыр техника мен құрылыс жұмыстарының шуы мен дірілі күні-түні тыныштық бермейді екен.
Тоқташ Сепбаева, қала тұрғыны:
- Үй дірілдеп, мына істегендері байқалып тұрды. Ана шамдарымыз жер сілкінісінде де бұлай қозғалған емес. Шайқалып кетті. Тұрғын үйдің құрылысына біз қарсымыз. Енді мына жерге тақамай, әрі салса болмай ма?
Гүлнар Бекежанова, қала тұрғыны:
- Өздеріңіз көріп тұрған мына кранның арқаны теңселіп тұр. Арғы жағындағы пәтерлердің балконына тиіп кетуі мүмкін. Құрылыстың кесірінен үй дірілдейді, терезелер шытынап кетті. Тұрғындар құрылысқа қарсылығын білдіріп, әкімдікке де арыз жаздық, нәтиже жоқ.
Ал құрылыс компаниясының өкілдері: «Заң талаптарын сақтап отырмыз», – деп ақталды. Түнгі уақытта жұмыс істемейтіндерін және діріл мен шудың өзге құрылыс нысандарынан екенін айтады.
Илимхан Шаймилов, мердігер компаниясының өкілі:
- Біздің құрылыс нысаны өткен күзде басталды. Қазір үйдің тағанын ғана құйып жатырмыз. Барлық жұмыстар құрылыс нормасына сай жасалуда. Кешкі сағат алтыға дейін ғана жұмыс істейміз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, біз барынша тыныш жұмыс істейміз. Артық діріл мен дыбыс көрші құрылыстардан шығып жатыр.
Қала құрылысын жоспарлау және аумақтың дамуын үйлестіру қызметі болса жаңа нысанның құрылысы заңды екенін айтты. Айтуынша, жер телімі заңды тұлғаға тиесілі және 2017 жылы көпқабатты үй салуға рұқсат берілген.
Арман Айшуақов, аудандық қала құрылысын жоспарлау және аумақтың дамуын үйлестіру қызметінің басшысы:
- Бұл нысан барлық талап пен заңға сай жобаланған. Сонымен қатар рұқсат етілген аумаққа ғана үй салып жатыр. Жоба барысында үйдің жанындағы «Кәусар» тұрғын үй кешеніне жақын болатыны ескерілген. Арақашықтық 15 метр болады. Рұқсат етілген норма сақталуда.
«Кәусар» тұрғын үй кешенінде 2 мыңдай адам тұрады. Ал дәл іргеден салынып жатқан көпқабатты ғимараттар пайдалануға берілсе, алақандай жерде мыңдаған адам өмір сүретін болады. Тұрғындар: «Бір-біріне жапсарлай салынған зәулім үйлер самал желдің соғуына да көп кедергі келтіреді», – деп алаңдап отыр. Экологиясы онсыз да мәз емес Алматы үшін бұл шынында да үлкен мәселе.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов, Сержан Жұмабаев