Балқаш бірнеше жылда Аралдың кейіпін киюі әбден мүмкін
«Егер шұғыл түрде қандай да бір шара қолданбаса, бірнеше жылда Аралдың кейпін киюі әбден мүмкін», – дейді табиғат жанашырлары. Алайда ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі: «Алаңдауға негіз жоқ», – деп отыр. Балқашқа құятын Іле өзенін пайдалану туралы Қытай елімен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтады.
Ғалымдар бұл жұмыстың тым баяу жүргізіліп жатқанына наразы. Аумағы 18 мың гектарды алып жатқан Балқаш көлінде су көлемі 100 текше километр. Тереңдігі орташа есеппен 6 метрге жуық. Мұнда қазір 5 өзен құяды. Бірақ сырттан келетін судың 80% Іле өзенінен бастау алады.
Серік Қожаниязов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Балқаш өзенінен 12 кубокилометр су келу керек, одан төмен болса, қиын болады. Қазір шамамен 13,8 немесе 13,6 келіп жатыр. Демек қазір Балқаш көліне осы қалыпта қатты проблема болады деуге негіз жоқ.
Алайда осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар Балқаш көлінің суы жыл сайын тартылып келе жатқанын айтып дабыл қағуда.
Вячеслав Цой, «Балық шаруашылығы» ҒЗИ Балқаш қалалық филиалының аға ғылыми қызметкері:
- Мына шағын дамба 2018 жылы су астында жатқан болатын. Яғни көзге көрінбейтін, ал қазір су бетіне шықты. Біздің есебіміз бойынша көл деңгейі осы аралықта шамамен жарты метрге азайды.
Ғалымдардың айтуынша, соңғы жылдары Іле өзенін Қытай елі көптеп пайдалана бастаған. Бүгінгі күнге дейін көршілес мемлекет өзен бойына 40 су қоймасын салып, суармалы егістік алқаптарын 500 мың гектарға ұлғайтыпты. Тиісінше Балқашқа құятын су деңгейі азайған. Сондықтан қазір жауапты министрлік трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы екіжақты келісім жасауға күш салып жатыр.
Серік Қожаниязов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Біз 2015 жылдан бастап Президент тапсырмасы бойынша келісімшарттың 25%, төрттен бір бөлігін Қытай тарапымен келістік. Бір күнде бола қоятын нәрсе емес. Жаңа айтып жатырмын ғой, әр елдің өз мүддесі бар.
Бірақ өкінішке қарай, келісім жұмыстары тым баяу жүруде. «Егер батыл қадам жасамаса, енді бірнеше жылдан соң бәрі кеш болуы мүмкін», – дейді осы саланы зерттеп жүрген білікті маман, тәуелсіз сарапшы Мәлік Бүрлібаев.
Мәлік Бүрлібаев, техника ғылымдарының докторы:
- Біз Қытай жағымен әлі күнге дейін келісімшартта кездесетін түрлі терминдерді біріздендіру мәселесін талқылаумен келеміз. Содан бері 5 жыл өтті, жұмыс жылжыған жоқ. Әрине, Қытай мемлекетіне бұл процесті әрі қарай соза беру тиімді екені айтпаса да түсінікті. Осылайша, уақыт өткен сайын Іленің суын сарқа береді.
Балқаштық ғалымдар егер су деңгейі шекті мөлшерге жетсе, көлді сақтап қалудың тағы бір жолы – шағын шығанақтарды азайту екенін айтады. Бірақ мүмкіндігінше бұған жеткізбеуге күш салу керек.
Вячеслав Цой, «Балық шаруашылығы» ҒЗИ Балқаш қалалық филиалының аға ғылыми қызметкері:
- Біз көлдің деңгейі түсе бастағанда, оны сақтап қалудың бірнеше жолдарын қарастырғанбыз. Егер Іледен келетін су азая берсе, Шалқар шығанағын құрбандыққа шалуға тура келеді. Ол жаққа су бармас үшін дамба салу керек. Сонда Балқашты тұтас сақтап қалуға болады.
Бірақ бұл да уақытша амал. Егер сырттан су лайықты мөлшерде келмесе, көл деңгейі азая береді. Ал көрші мемлекет жыл сайын Іледен орташа есеппен 4-5 текше километр су тұтынып отыр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев