Хабар телеарнасы

Қызылордадағы «Арай» ықшам ауданының тұрғындары ішер суын сатып алуға мәжбүр

«Ауыз судағы іркіліс, құбыр бойындағы қысымның төмендеп кетуінен», – дейді тұрғындар.

Десе де бұған себеп болып отырған да тұрғындардың өздері. Көктем шыға ауласына егін еккен жұрт арықтарда ағын су болмаған соң, құбырдағы таза суды пайдалана бастаған. Түйіткілдің төркіні осыдан туса керек.

Қарлығаш Қожахметова түн ұйқысын төрт бөліп, үйіндегі бар ыдысқа су жинайды. «Күндіз мүлдем тамшы да тамбайды», – дейді Талап көшесінің тұрғыны.

Қарлығаш Қожахметова, «Арай» ықшам ауданының тұрғыны:

- Кейда қап-қара су ағады. Құдай-ау, қап-қара енді. Су жоқ түнгі 00:00-01:00-ге дейін. Ұйықтап қаламыз. Не болып жатқанын білмейміз, жауып тастаймыз. Таңға жақын болатынын не болмайтынын білмейміз енді.

«Арай» ықшам ауданында су қысымы биыл көктемнен бері төмендеп кеткен. Өйткені арықта су болмаған соң, кейбір жеке су ауласындағы бақшаны ауызсумен суара бастаған.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Кезінде мына арықпен осы маңдағы барлық үйлерге ағын су келіп тұрған. Сол кезде тұрғындар азын-аулақ егін егіп, өнім жинайтын. Ал биыл тамшы да су болмапты. Соның салдарынан маңдай тер, еткен еңбек күйіп кетіп жатыр. Ал жеміс ағашының сиқы мынау, қурап қалған.

Ағын су мәселесі шешілсе, тұрғындар егін суаруға ауызсуды пайдаланбайды. «Осылайша су қысымы қалыпқа келіп, мәселе шешімін табар еді», – дейді тұрғындар.

Тындыбек Қожахметов, «Арай» ықшам ауданының тұрғыны:

- Аяқ су жоқ, ішетін су жоқ, барлығы не істерін білмей отыр. Қаншама арыз тастадық. Ешқандай жауап жоқ. Әкімдіктегілер үндемей жатыр.

Тұрғындардың сауалын арқалып әкімдікке бардық. Жауабын тыңдадық. Бүгіннен қалдырмай, мәселені шешіміз деп уәде берді.

Біржан Далабаев, ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Сырдария өзенінің жағдайы өздеріңіз көріп тұрғандай, деңгейі өте төмен түсіп кеткен. Судың деңгейі төмен болуын ескере отырып, бүгінгі таңда «Арай» каналына да қосымша сорғыш қондырғысы орнатылуда. Бұл жұмыстар бүгін толық аяқталып, су берілетін болады.

Сала мамандары: ««Арай» ықшам ауданына ағын су берілгеннен кейін ауызсу қысымы қалпына келеді», – деді. Сондай-ақ қала аумағындағы істен шыққан басқа да арық жүйелерін жөндеу жұмыстары қолға алынғанын айтты. Бүгінде облыс орталығының 35% ғана ағын сумен қамтылған. Тіпті кей ықшам аудандарда арық жүйелері мүлдем жоқ. «Айтулы мәселені шешу жолдарын зерттеп алғаннан кейін ғана арнайы жоба жасауды жоспарлап отырмыз», – дейді жауаптылар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхаммед Байділдаев