Үрей мен үміт: еліміздегі мектептердің қауіпсіздігіне шолу жасалды
Депутаттар: «Бұл жағдай бізге де сабақ болуы тиіс», – дейді. Бірнеше жыл бұрын ел Үкіметі мектептегі қауіпсіздікке қатысты арнайы қаулы қабылдаған болатын.
Құжатта: «3 мың адамға шақталған білім ордалары міндетті түрде бейне-бақылау жүйесімен қамтылуы керек» делінген. Алайда көрші елдегі оқиға бақылау камерасының бала өмірінің қауіпсіздігіне кепіл бола алмайтындығын көрсетіп отыр. Сондықтан мамандар лаңкестікке қарсы қауіпсіздік талаптарын қайта қарау керектігін айтады. Өйткені кейбір мектептерде шұғыл хабар тарататын құрылғылар, дабыл қондырғылары, металл іздейтін құралдар атымен жоқ. Машықтанған күзет қызметінің жоқтығы өз алдына бөлек әңгіме.
Бұл – Қазан қаласы қара жамылған күн. Таң атпай мектеп ғимаратына қаруланған қарақшы кіріп келеді деп ешкім ойламаған. Еш алаңсыз, сыныбында сабақ оқып отырған балалар не болғанын түсініп үлгермей, оққа ұшты. Қару асынған қылмыскердің көшеде еш кедергісіз алшаң басып жүргенін көруге болады. Бәрі бақылау камерасына түсіп қалған. Бірақ бұл камералар да, мектептегі күзет те қылмыскерге тосқауыл бола алмады. Бұл өзгелерге сабақ болатын жағдай.
Депутаттар: «Осы аптада біздегі білім ордаларының да қауіпсіздігі көңіл көншітпейді», – деп дабыл қақты. Ал біз күзет саласының мамандарымен бірге елорда мектептерін аралап көрдік. Антитеррористік қорғанысын көзімізбен көргіміз келді.
Айдос Мырзарақымов, күзет агенттігінің қызметкері:
- Мына жерде турникеттер дұрыс тұр. Бейнебақылау өзіне сай келеді. Бірақ монитордың түсі жасыл болып тұр. Жүйеге сай келмейді. Адамның бет-жүзін анықтайтын қондырғы мектептерге қойылған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бөгде адам келген кезде камера бәрін көрсетеді.
Талап бойынша бақылау мониторы күзетшінің алдына қойылуы тиіс. Бірақ бұл күзетшінің емес, вахтердың орны болып шықты. Монитор оның арқа тұсына қойылған, яғни көз алмай қадағалап отырады деу қисынсыз. Бірақ вахтердың өзі бой бермеді. Дабыл түймесіне қатысты тағы бір шикілікті байқадық.
Айдос Мырзарақымов, күзет агенттігінің қызметкері:
- Дабыл түймесі алыс орналасқан. Әдетте үстелдің астына қоюшы еді. Дабыл түймесі – білдіртпей басатын нәрсе.
Бас қаладағы біз барған бірді-екілі мектептегі жағдай осы. Ал шалғайдағы білім мекемелерінде қауіпсіздіктің қалай бақыланып жатқаны белгісіз. Мектептегі күзет мәселесі осы аптада Мәжілісте талқыланды.
Андрей Линник, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүгінде көптеген мемлекеттік органдардың ғимараты алынбас қамал сияқты, кез келген агрессивті адамның шабуылына төтеп бере алатын арнайы күзетпен әрі бес метрлік қоршаулармен қамтамасыз етілген. Ал мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің аумағы кез келген адам еркін кіріп жүре беретін аула сияқты. Мектептерді көбіне зейнет жасындағы вахтерлар күзетеді. Егер ниеті жаман адам келсе, егде жастағы күзетші оған қандай қарсылық көрсете алады?
Балалардың қауіпсіздігі – күн тәртібінен түспеуі тиіс мәселе. Қазандағы жағдай Білім және ғылым министрлігін де бейжай қалдырмаған сияқты. Асхат Аймағамбетов қарамағындағы жауапты мекемелерге барлық өңірдегі мектептердің қауіпсіздік жағдайына талдау жүргізуді тапсырды.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Дәурен Жұрқабаев