+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Атырау маңындағы елді мекендерде су сағаттап қана беріледі

  • Категория: Қоғам
Атырау маңындағы елді мекендерде су сағаттап қана беріледі

Атырау қаласының іргесіндегі Өркен, Ақжар, Ақсай, Кеңөзек, Еркінқала елді мекендері ауызсудың азабын тартып отыр.

Аталған ауылдар мен ықшам аудандарда соңғы он жылдан бері тіршілік нәрі сағаттап қана беріледі. Себебі жаз айларында халық ауызсумен бақшасын суғарғандықтан, құбырдағы қысым күрт төмендеп, шеткі аймақтарға су тамшылап қана жетеді.

Жаңадан бой көтерген Өркен ауылының тұрғыны Арман Дайыров түн ортасына дейін құбыр бойын аңдиды. Себебі бұл уақытта ауылда жаппай бақша суару басталады. Ал онсыз да қысымы төмен тірлік нәрі көшенің басына жетсе, аяқ жағындағылар кезек күтеді.

Арман Дайыров, тұрғын:

- Соңғы 4-5 жылда жаз басталса су жоқ. Түнгі сағат 00:00-де жүреді де, таңда тоқтайды. Мына ағаш сол судың жоқтығынан өліп қалды. Суды ыдысқа жинап аламыз, кейде оған да үлгере алмаймыз.

Айнұр Жексенғалиева, тұрғын:

- Бақшаға жіберсек, үйге жеткізе алмаймыз. Сағат түнгі 00:00-ге дейін күтіп отырғанымыз. Бала-шаға жуынбайды. «Егін, егін» дейміз, үйде жуынуға су болмайды ғой. Ал халықтан ақша жинауға келгенде кәдімгідей алады.

Бұл тек «өркендіктердің» басындағы мұң емес. Атырау қаласы маңындағы бес елді мекен осындай күй кешіп отыр. Сыздықтап ағатын судың сырын жауапты мекеме былайша түсіндірді.

Александр Пастухов, «Атырау облысы су арнасы» мекемесінің баспасөз хатшысы:

- Біз тұрғындарға штаттық жүйеде қажет мөлшерде су беріп отырмыз. Бірақ жаз айларында олар бақша мен басқа да қажеттеріне суды көп пайдаланады. Сол себепті қысым азаяды, су жетпейді.

Ауыл тұрғындарының жан айқайы жергілікті билікке жақсы таныс. Өкініштісі сол, кезінде жер телімдерін жобалау сызбасына жазғы суару жүйесі енбей қалған. Салдарынан соңғы он жылда пайдалануға берілген елді мекендерде осындай жағдай қалыптасып отыр. Оны шешудің тың тәсілін әкімдіктегілер айтты.

Самат Емберген, қала әкімінің орынбасары:

- Өркен, Ақжар, Ақсай, одан кейін Кеңөзек, Еркінқала ауылдық округтерінде осындай мәселе туындап жатыр. Су жетпейтін мөлтек аудандарға 100 тонналық резервуар қойылады. Осы ыдыс кешкілік уақыттан таңға дейін су арнасы мекемесі тарапынан жүргізілген құбырлар арқылы суды жинақтап, күндізгі уақытта пайдалануға беріледі.

Сусыз қалған ауылдарға шілде айына дейін 100 тонналық су жинайтын 12 резервуар қойылуы тиіс. Жалпы бекітілген ереже бойынша 1 адам тәулігіне 200 литр ауыз су тұтынуы керек. Бірақ ауладағы жасыл желек пен бақшаны суаруға кететін шығын ескерілмеген.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Сондай-ақ...