Мүмкіндігі шектеулі балалардың тұрғын үй кезегіне тұру құқығы бойынша жаңа норма енгізіледі
Енді қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адамға қосымша күтім үшін жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ 18 жасқа толса да, кембағал балалар тұрғын үйге кезегінен алынбайды.
Тумысынан немесе тағдырдың тәлкегінен кембағал жандардың қамын күйттейтін жаңа заң жобасында бірқатар жеңілдік бар. Мәжіліс депутаттары азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады. Бүгінде елімізде I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметтерімен де қамтылмаған. Жаңа құжатқа сай, қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адамға қосымша күтім бойынша жәрдемақы берілетін болады. Сондай-ақ бұған дейін басқа жүйемен төлем алып келген балалардың енді 7 жастан бастап мүгедектік тобы айқындалады.
Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қолданыстағы заң бойынша барлығы 16 жасқа дейін бірыңғай жәрдемақы алатын. Жаңа заң жобасына сай енді 7 жастан бастап мүгедектік санаты анықталатын болса, жарымжан балалар тобын белгілеу үшін тексерістен өтуі қажет, бұл механизм қалай жүзеге асырылады.
Еңбек министрінің айтуынша, қазір денсаулық сақтау ведомствосымен интеграция жұмысы әлі жүріп жатыр. 1 шілдеге дейін жұмыс аяқталуы тиіс. Осы ретте Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жаңа технологиялар заманында мүгедек баласымен алыстан орталыққа ат артып келетін талай ата-ананы сарылтып кезек күттіріп қоймаудың амалын қарастыру қажеттігін атап өтті. «Өркениет заманында проактивті форматқа көшкен жөн», – деді.
Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Үлкен кезектер қалыптаспауы үшін бірінші кезекте 6 айға дейін мүмкіндік береміз. 6 айдың ішінде мүгедектігі бар азаматтар келіп, өзінің бірінші немесе екінші, үшінші топ екенін дәлелдегеннен кейін ғана осыған байланысты қоямыз. Заң күшіне енген кезден бастап жәрдемақысы төлене беретін болады.
Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің мәліметінше, медициналық куәландыру бойынша жазда 6 өңірде серпінді жобалар қолға алынбақ. Санаттар қайта белгіленіп, әлеуметтік төлем 37% артады. Яғни жаңа құжат негізінде 7 ден 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға - 1 топтағыларға 1,92 күнкөріс мөлшеріне дейін, екінші топтағыларға 1,59, үшінші топ үшін 1,4 күнкөріс мөлшері көлемінде жәрдемақы өсірілмек. Бұған қоса, 1 топтағы мүгедек балаларға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәрдемақы түрі енгізілмек. Әрі күту мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту көзделген.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір тұрғын үйге кезекте тұрған мүгедектігі бар балалар 18 жасқа толғанда қайтадан кезекке тұруға мәжбүр. Енді заң жобасында олардың кезек тәртібі балиғат жасына толса да өзгертілмейді, яғни сақталатыны көрсетілген. Баспанамен қамтудың жаңа моделінде мүгедектігі бар балалардың құқы қарастырылған ба?
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары:
- Тұрғын үй қатынастары туралы заң жобасын әзірлеп, мемлекеттік органдармен ақылдасып жатырмыз. Үкіметпен келісіп, кейін мәжіліс қабырғасына әкелеміз. Әлеуметтік аз қамтылған топтардың мәселесі толықтай жеке бөлімде қарастырылған.