Қызылорда облысында 40 ауылдың әкімі сайланады
Кей шалғай ауылдарда жылжымалы сайлау жәшіктері арқылы дауыс беру ұйымдастырылмақ. Жалпы Сыр өңіріндегі барлық ауданда ауыл әкімдерін сайлау науқаны өтеді. Мәселен, Шиелі ауданының тұрғындары 4 ауылдық округтің әкімін таңдайды. Осы ауданның Майлытоғай ауылында сайлау өтеді. Мұнда 130 үй, 750-дей тұрғын бар. 368-і сайлауға қатыса алады. Облыста орта есеппен бір орынға 3-4 кандидат тіркелген. Үміткерлердің құжаты арнайы тексеруден өтуде. Арал және Қазалы аудандарының шалғай елді мекендерінде жылжымалы сайлау жәшіктері арқылы дауыс беру ұйымдастырылады.
Ғалым Баймырзаев, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Қазіргі таңда 135 кандидаттың сәйкестігі келді. 17 адам, оның ішінде 10 адамның сәйкестігі келмегені және 7 кандидат өзін-өзі алып тастау өтінішіне сәйкес алынып тасталды.