Елімізде Президент тапсырмасымен 80 миллионнан аса ағаш отырғызылған
Президент пәрмен берген кезден бастап бүгінге дейін ел бойынша 81 млн ағаш егіліпті. Мамандар: «Қара жерге құр шыбықты отырғыза салу қиын емес», - дейді. Тек өскінін өсіріп, көшет болған кезге дейін 4 кезеңнен тұратын күтім көрсету керегін айтады. Көпшілігіміздің көзімізге көріне бермейтін қажырлы еңбек нағыз марапатқа лайық екен.
Әдетте ағаштың көшеті десе, көз алдымызға бойы бір метрдей шыбық елестейді. Бірақ олай емес. Мына зертханадағы өскіндер – теректің тұқымы. Оларды бір қарысқа жеткізгенге дейін жылы жерде мәпелеп өсіреді. Мұндай ғылыми орталық еліміздің әр өңірінде бар.
Татьяна Лимакина, Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының маманы:
- Мен қазір өскіндерге арнайы қоректі орта дайындап жатырмын. Құтыдағы көшеттерді еппен күтпесе болмайды. Себебі зертханадан дұрыс бапталған ағаш қана тамыр жайып кете алады. Яғни топыраққа тез үйренеді.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Әлгі сюжеттің басында көрсетілген 2-3 см өсімдік екі жыл ішінде 25-30 см дейін жетіліп, өседі. Мамандар ол үшін екі жыл уақытын сарп етеді. Енді бұл жерді шынықтыру алаңы деп жатады. Себебі осындай көшеттер жаздың апшыны қуыратын ыстығына да, қыстың қақаған аязына да бейімделіп өсуі керек емес пе?! Ал статистикалық мәліметке сүйенсек, мұнда 15 мың түп терек бар екен. Алдағы күзде Қазақстанның қай аймағынан сұраныс келеді, сол жаққа жөнелтіледі.
Бұл орталықта терек, қарағай сынды қолайлы жер мен құнарлы топырақ талғамайтын ағаштарды өсіреді. Осылардың өзін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтағы шоқтырмай, баптау қажырлы еңбекті талап етеді.
Олжас Данияров, «Орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» солтүстік өңірі филиалының директоры:
- Бұл – жұмысы көп нәрсе. Теректің өмір сүру ортасы қайыңға сәйкес келмейді. Әртүрлі келеді. Біреуіне витамин көп не аз қосу керек. Біз ғылыми жұмыс істеп жатырмыз.
Бұл – Бурабайдан алшақ орналасқан аумақ. Байқасаңыз, ағаш аз. Тіпті жоқтың қасы. Сондықтан осындай алқапты көгалдандыру үшін мамандар күні-түні еңбектенеді.
Қайырбай Балтабаев, Бурабай ұлттық паркінің орманшысы:
- Биыл Бурабай ұлттық паркінде 65 гектар жерге қарағай көшеттері отырғызылды. Біз тұқымды өзіміз жинап әкеп отырғызамыз, күтіп баптаймыз.
Өткен жылы ел Президенті бес жыл ішінде 2 млрд түп ағаш егуді тапсырған еді. Былтырдан бері 80 миллионнан аса ағаш отырғызылды. Әлі жұмыс көп. Бірақ бір айта кетерлігі, дайын көшетті қара жерге көме салу оп-оңай. Ал оны көшетке дейін баптап-күту уақыт пен үлкен төзімді талап етеді екен. Бүгін экология, геология және табиғи ресурстар министрілігі осы міндетті көрсетуге тырысты.