Түркістандықтарды апатты мектеп алаңдатады
Себебі білім ұясының бір ғимараты сөгіліп, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Шағымданушылар жергілікті биліктен күрделі жөндеу жасауды талап еткенімен, мәселе шешілер емес.
Бұл мектептің іргетасы он жыл бұрын қаланғанымен жағдайы апатты. Тұрғындардың пайымдауынша, білім ошағы кез келген мезетте опырылып түсуі мүмкін. Сол себепті қауіпсіздік ережесін пысқырмайтындардың кесірінен ата-аналар 1 қыркүйекте балаларын мектепке жіберуге қауіптенеді.
Тастан Қуатбеков, Қостөбе ауылының тұрғыны:
- Немере, бала-шағаларды жіберуге қорқамыз. «Не болып жатыр? Қандай болып жатыр?» деп қарап тұрамыз. Ол жаққа балаларды жібермеңдер. Есікті құлыптап қойыңдар. Мектеп директорына, мұғалімдеріне «қарайлаңдар» деп ескертіп кетеміз.
Тұрғындардың талабы бір: «Шұғыл күрделі жөндеу жасалса екен», – дейді. Ғимараттың қабырғалары әбден жарылып біткен. Сылақ жұмыстарының қашан басталатыны белгісіз. Одан қалды едендері сынып, кафелі түсіп жатыр.
Жандос Құттымбетов, Қостөбе ауылының тұрғыны:
- Үшқабатты мектепті бір жылға жетпей, алты айда бітіріп берді ғой. Топырағын салып, плиткасы болмай, астынан су кеткен. Сөйтіп дуалдары айырылып, мектеп құлап жатыр.
Адами әлеуетті дамыту бөліміндегілер мектепті қалпына келтіруге қарсы емес. Бірақ қаржы қолбайлау боп тұр. Демек балаларға жаңа оқу жылын осы ғимаратта қарсы алудан басқа амал жоқ.
Пернебек Асанов, Төле би ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің маманы:
- Мектептің «Б» корпусында апатты жағдай орын алып отыр. Нақтылап айтатын болсақ, асханасының едендері 25 см-ге дейін шөккен. Сонымен қатар қабырғаларында 10 см-ге дейін жарылу байқалады. Мұнымен қоса, бірінші қабатындағы еденнің топырағы отырып, соның салдарынан кафель-плиткалары жарылып, жарамсыз күйге түсуде.
Мамандардың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттарды дайындаудың өзіне 7 млн теңге қажет екен. Ал жөндеу жұмыстарына қанша қаражат керектігі беймәлім.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Нұрмахан Бекмұратов