Әкімдіктегілердің «Хабар 24» тілшісіне күш көрсетуі жайлы заңгерлер не дейді?
Жергілікті әкімдер өзіне жүктелген міндеттерді қалай орындап жатыр?
24 тамыз күні Алатау ауданы әкімдігіне әкіммен ашық сұхбат құруға барған «Хабар 24» телеарнасының түсірілім тобын күзетші күшпен ғимараттан қуып шығып, тілшіге тіпті дене жарақатын салған. Бұл оқиға қоғамда резонанс туғызды. Әр тараптың да айтар өз уәжі бар. Бұл оқиғаға қатысты сала министрі мәлімдеме жасады, Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков түсініктеме берді. Ал телеарна басшысы полицияға шағым жазатын болды.
«Хабар 24» телеарнасынан шығатын «Әкім» бағдарламасы – аз уақыттың ішінде көп көрерменнің көңілінен шығып үлгерген жоба. Оның жүргізушісі Ақбөпе Тәңірберген талай шалғай ауылға барды, талай әкіммен тілдесті. Бірақ еліміздегі ең ірі мегаполис Алматыға барып, күзетшіден күш көремін деп, әрине, ойлаған да жоқ.
Ақбөпе Тәңірберген, тілші:
- Аппарат басшысы арқылы хабарластым. «Сағат 17:30-да келіңіз, сізге әкім сұхбат береді», - деді. Ың-шыңсыз, айғай-шусыз кетіп, 17:30-да әкімдікке қайта оралған кезде, әкім жоқ екен. Аппарат басшысы қайта шығып: «Әкім сұхбат бере алмайды», - деді.
Тілшімен тілдескісі келмеген әкім – Азамат Қалдыбеков. Алматы қалысының Алатау әкімдігінің әкімі болып Президент жастар кадрлық резервінен тағайындалған. Отандық газеттің біріне берген сұхбатында ол бұл лауазымда ашықтық әрі әділдік секілді қағидаттарға сүйене жұмыс істейтінін айтып, ағынан жарылған екен.
Азамат Қалдыбеков, Алатау ауданының әкімі:
- Мен ақталып отырған жоқпын. Қызметкерлерді де ақтап тұрған жоқпын. Біз тиісті қызметтік іс-шараларды жүргіземіз. Бүгін арнайы комиссия құрдық.
Бұл оқиға жайында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да үн қатты. Министр Facebook-парақшасында жазба жариялап, әкімдіктегі күзет қызметкерінің әрекетін заңсыз деп бағалады. «Бұл – біздің бүгінгі «халық үніне құлақ асатын мемлекет», «ашық әкімдік» қағидаларына қайшы келетін жағдай. Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек», - деп жазды Балаева. Министрдің бұл пікірін «Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қорының директоры Диана Окремова да құптайды.
Диана Окремова, «Құқықтық медиа орталық» ҚҚ директоры:
- Бұл – біздің билік қоғаммен тиімді коммуникация құра алмауының нақты көрінісі. Біз шенеуніктермен қаншама тренингтер өткіздік, бірақ журналистермен қалай жұмыс істеу керек екенін білмейтіндер әлі де көп. БАҚ туралы заңда: «Журналист мемлекеттік мекемелерге емін-еркін кіре алады», - деп жазылған, оған ешқандай рұқсат алып қажет емес. Бұл ретте журналистің әрекеті арандатушылық туғызса да, күзетшінің күш көрсетуге ешқандай құқығы жоқ. Себебі тілші қоғамға қауіп төндірген жоқ, оның қолында қаруы болған емес. Өкінішке қарай, журналистердің кәсібіне қатысты мұндай істердің сотқа жететіні аз.
Жалпы кей билік өкілдерінің, кей қоғам мүшелерінің бұқаралық ақпарат құралдарына деген қарым-қатынасы қасаң әрі қатаң. Осыдан екі апта бұрын ғана Петропавлдағы ірі сауда ойын-сауық орталығының қауіпсіздік қызметі біздің түсіру тобына шабуыл жасап, журналистерді іштен сүйреп шығарған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Қуаныш Сұлтанов, қоғам қайраткері:
- «Ашық мемлекет», «еститін үкімет» дегеніміз – диалог, ақылдасу, сөйлесу, елдің, жұрттың мұңына құлақ асу, соны түсіну, білу. Мәселені бірлесе отырып шешу керек. Сондықтан бұған жол беруге болмайды. Мұндай жағдайларға жоғары билік орындары өте сыни түрде баға беру керек деп ойлаймын.
«Хабар 24» телеарнасының директоры Алена Горбачева Алатау әкімдігіндегі факт бойынша полицияға шағым түсіретінін мәлімдеді. Ал әкімдік: «Арнайы комиссия құрдық, кінәлілер жазаланады», - деп отыр. Бір анығы, бұл оқиғаны билік баспалдағын енді аттаған жас әкім ешқашан ұмытпайды, журналистер, сондай-ақ халық ұмытпайды әрі ұмыттырмайды.