Шығыс Сары-Оба шахтасында әкімшілік-тұрмыстық кешен ашылды
Аумағы 22 мың шаршы метрді алып жатқан алып ғимарат «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Жыланды кенішіндегі Шығыс Сары-Оба шахтасында салынған. Кешен шамамен 1200 адамға лайықталған.
Жыланды кенішіндегі Шығыс Сары-Оба шахтасында бой көтерген әкімшілік-тұрмыстық кешеннің іші халықаралық талаптарға сай жабдықталған. Бір сөзбен айтқанда, мұнда жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалыпты.
Андрей Гайдин, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма басшысының орынбасары:
- Өткен жылы Шығыс Сары-оба кенішінде жұмысшылар тұрағын салу тұжырымдамасы қабылданған болатын. Мұндағы ғимараттардың барлығы заманауи қондырғылармен жабдықталады. Бұл әкімшілік-тұрмыстық кешенді сол қанатқақты жобаның бастамасы десе де болады.
Атшаптырым аумақты алып жатқан зәулім ғимарат шамамен бір жылдың ішінде салынған. Кешендегі бақылау-өткізу бекеті автоматтандырылған. Заманауи үлгідегі әкімшілік және тұрмыстық корпустары бар. Асхана, шамхана, медициналық пункт жұмыс істейді. Мұнда тіпті түнектен шыққан кеншілерді жарықпен емдейтін арнайы кабинет те ойластырылған.
Құрылысшылар кешенді салғанда барынша әлемнің озық технологиясын енгізген. Мәселен, сантехникасы су, қуат көзін үнемдейді. Мұндай жүйе Пекиндегі Олимпиада қалашығын тұрғызғанда қолданылыпты.
Андрей Гайдин, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма басшысының орынбасары:
- Жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешен 1200 адамды қабылдай алады. Егер келешекте Жыланды кенішінде өндіріс көлемі ұлғаятын болса, дәл осындай тағы бір кешен салуға дайынбыз. Ол үшін барлық инфрақұрылым тартылған.
Жыланды кеніші Сәтбаев қаласынан 37 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол жерде бес шахта бар. Қазір үшеуі жұмыс істеп тұр, қалғаны жуық арада іске қосылмақ.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев