Еліміздегі машина жасау саласы 30 жылда айтарлықтай жетістікке жетті
Егер сала бойынша бөліп қарасақ, машина жасау бағыты әжептәуір дамыды. Мысалы, бұрын бәріміздің үйімізде ескі төртбұрышты теледидар, гүрілдеп істейтін тоңазытқыш, өзіміз суын құйып-төгетін кір жуғыш машина болды ғой. Ал қара жолдың төресі болған «волга», «москвич», «жигули» ше?! Бұл көліктерді екінің бірі міне бермейтін. Тек ауқатты, жағдайы бар адамдар ғана тізгіндейтін. Қазір заман өзгерді. Үйдегі техниканы айтпағанда, халықтың басым бөлігінде су жаңа автомобиль бар. Бұл да болса, өткен ғасырмен салыстырғанда тұрмысымыздың тіктелгенін білдіреді.
Мына біз тізгіндеген «Жигули» мен Олжас Бейісов екеуі түйдей құрдас.
1991 жылы Олжас шыр етіп өмірдің есігін ашқанда, «Жигули» сигнал беріп, зауыттың есігін ашты. Қазір екеуі де Қазақстанда. Жас маман көлік құрастыратын зауытта 10 жылдан бері жұмыс істеп жүр.
Олжас Бейісов, мастика жағу учаскесінің шебері:
- Осындай бітеуіштерді бекітеміз. Сосын біздің учаскеде бәрі автоматтандырылған. Осындай тапаншамен мастика жағамыз. Ең бастысы – ешқандай тесіктер болмауы керек. Өйткені су кіреді, сосын ол шіриді.
Мұнда Олжастың 2 мыңнан астам әріптесі еңбек етеді. Зауыт бұрынғыдай көлікті құр жинамайды. Өздері сырлайды, дәнекерлейді. Былтыр кәсіпорын 40 мың көлік шығарса, биыл бұл көрсеткіш 60 мыңға жетпек. Оның 10% экспортқа жіберіледі.
Саят Жүсіпов, автозауыт өкілі:
- Осы жылда 60 мың автомобиль шығаруды жоспарлап отырмыз. Ол да үлкен мақтаныш, үлкен жетістік.
Айтып отырған көлік құрастыру – машина жасаудың бір парасы ғана. Негізі бұл саланың 37 бағыты бар. Мына тепловоз, электровоз, вагон, автобус, аккумулятор, трактор тіпті кәдімгі лифт шығару да осы бағытқа қарайды.
Мейрам Пішембаев, Қазақстан Машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы:
- Салада 3 мыңнан астам кәсіпорын бар. Онда 120 мың адам жұмыс істейді. Машина жасауды дамытудың артықшылығы – оның қуатты мультипликативтік әсері. Саладағы бір жұмыс орны басқа аралас салада 7-8 жұмыс орнын береді. Отандық өндірушілер өнімдерін шетелге сәтті экспорттайды. Бұл – Ресей, Қытай, Орта Азия, Европа, Біріккен Араб Әмірліктері.
Аталған сала бойынша еліміз айналдырған 30 жылда ауыз толтырып айтатындай жетістікке жетті. Ішкі сұранысты қанағаттандырып, сыртқы нарықтың назарын аударды.
Мейрам Пішембаев, Қазақстан Машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы:
- 2020 жылы машина жасау өнімдері 1,3 млрд АҚШ долларға экспортталды. Экспорт өнімдері кеңейтілді. Бізге болат өнімдері мен жиынтықтар импортына тәуелділікті шешу керек. Сонымен қатар негізгі қордың тозуы, білікті кадрдың тапшылығы, салаға инвестиция тарту мәселелері де бар.
Бәрін айт та, бірін айт. Машина жасау саласының ішінде көлік құрастырудың әлеуеті зор. Тәуелсіздік алғалы бұл бағытты дамыту үшін
Машина жасаушылар одағы бірталай күш жұмсады, жұмсап та келеді. Мәселен, жыл басынан бері Қазақстанда 59 663 машина құрастырылыпты. Мынау соның бірі – Достық Талғатұлына тиесілі. Енді ол бөлек әңгіме. Кейін айтам.