Шымкентте «Отбасы банкі» жылжымайтын мүлік жәрмеңкесін өткізді
Себебі ауқымды шарада салымшылар құрылыс компанияларынан 3 миллион теңгеге дейін бонус алу мүмкіндігіне ие болды. Халықты ақпараттандыру үшін банк кеңесшілері мен жергілікті әкімдік өкілдері мемлекеттік бағдарламалардың оңтайлы жолдарын түсіндірді. Себебі тұрғын үй құрылысы қарқын алған мегаполисте баспанаға қол жеткізуі мүмкіндігі де мол.
Шымкентте құрылыс қарқыны қызып, зәулім тұрғын үйлер бой көтеруде. Биылдың өзінде 114 көпқабатты үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесінде ондаған құрылыс компанияларының өкілдері өз ұсыныстарын ортаға салды.
Гүлнар Құдайбергенова – «Отбасы банкінің» тұрақты салымшысы. Ол 4 жылдан бері баспанаға қол жеткізу үшін қаржы аударымын тұралатпады. Сәйкесінше есепшоты банктің 2%-дық сияқысы мен жыл соңында берілетін 20%-дық мемлекеттік сыйлықақыға толығып отырды. Сол ыждағаттылығының арқасында бүгінде Тұран шағын ауданынан бір бөлмелі пәтердің иесі атанды.
Гүлнәр Құдайбергенова, қала тұрғыны:
- Отбасы банкіне 4 жылдан бері депозит жинап, армандаған үйіме қол жеткіздім. Өте жақсы сапасы, жөндеуімен, өте жақсы ұнады. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша алдым. Отбасы банкіне рақмет айтамын.
«Отбасы банк» клиенттері құрылысы аяқталған немесе салынып жатқан тұрғын үйлердің кез келгенінен пәтер сатып ала алады. Дайын пәтерді несие мөлшерлемесі 5%-дан 8,5%-ға дейін болатын қолжетімді несиемен алуға болады. Осы мақсатқа жету үшін жыл басынан бері «Отбасы банкінен» 35 мың қала тұрғыны депозит ашқан.
Нұрлан Сұлтанов, «Отбасы банк» АҚ қалалық филиалы директорының орынбасары:
- Шымкент қаласы бойынша қазіргі таңда 140 мыңға жуық салымшы бар. Олардың қаражаты 90 млрд астам жинақ сомасына жетті. Несиелік портфелі де 90 млрд асып жатыр. Жыл басынан бері 3500-ге жуық адам тұрғын үй жағдайын жақсартып, үй алды. Одан бөлек қазір «Тұран» мөлтек ауданында осы «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 1728 пәтер беріліп жатыр.
Жәрмеңкеге жиналған тұрғындар өз пәтерлерін таңдады. Ал тұрғын үй кезегіндегілер үшін «Нұрлы жер», «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламаларына қатысуға болады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов