ECO MEKEN алғашқы экологиялық реалити-шоуының жеңімпазы анықталды
Танысып қана қоймай, ондағы өзекті мәселелерді көтеріп, оны жоюға, алдын алуға атсалысты. Олардың бұл әрекеттері таспаға жазылып, 14 бөлімдік бағдарлама ретінде «Хабар» арнасынан көрерменге ұсынылды. Осылайша, үш үміткер финалға жетіп, қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды. Жеңімпаздар оны өздерінің экологиялық жобаларын жүзеге асыруға жұмсайтын болады.
Бұл жобаның жөні бөлек, миссиясы ерекше. Сондықтан жабылу салтанатының өзі айырықша болды. Кеш қонақтары мен финалистер жүріп өтетін дәліздің өзіне әдеттегідей қызыл емес, жасыл кілім төселді. Жалпы ECO MEKEN алаңында айтылған ой-пікір, жасалған іс-әрекеттің барлығы экологиялық хал-ахуалды жақсартуға бағытталған.
Медет Құмарғалиев, «ӨКМ операторы» ЖШС басқарма төрағасы:
- Жоба – серіктестік жоба. Оператор РОП, «Хабар» Агенттігі, одан кейін демеушілер. Мұның философиясы – экологиялық мәселелердің түбін көрсету. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жөнімен тазалап, оны кәдеге жарату, сұрыптау процесін көрсетіп жатырмыз.
Қарапайым тілмен айтқанда ECO MEKEN – елеміздегі ең алғашқы ұлттық экологиялық бәйге. Оның жеңімпазына берілетін жүлде де қомақты. Бірінші орынға – 10 миллион, екіншіге – 5, үшінші орынға – 3 млн теңге қарастырылған. Көрермендердің онлайн дауыс беруі және қазылар алқасының шемімімен Владислав Голярко «үздік» деп танылды.
Владислав Голярко, ECO MEKEN реалити-шоуының жеңімпазы:
- Маған қаржылай қолдау көрсетіліп отыр. Енді сөз жүзінде таныстырған жобамды іске асыруым керек. Ол қоқысты сұрыптау арқылы жиналған өнімді өңдеу және жаңа тауар түрін шығару. Мақсатымыз – тұрғын үйлер мен дәмханалардан шығатын қалдықтарды кәдеге жарату.
Жобасында топ жарғандарға берілген қаражат олардың эко-бизнесін қолдауға жұмсалатын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ел экологиясын дамытуға арналған ECO MEKEN жобасы келер жылы да жалғасын таппақ.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайлы, Қанат Әбілдин