Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында FlyArystan әуе компаниясы 5 миллионыншы жолаушысын тасымалдады
«Түркістан-Ыстамбұл» бағытындағы рейсте мерейтойлық саяхатшыны тосын сый күтіп тұрды.
«FlyArystan» компаниясының бұл жолғы «Түркістан-Стамбул» сапары ерекше, әрі қызыққа толы болды. Ұшаққа отырғызу кезінде барлық жолаушыға сандық белгісі бар фишка таратылды. Ерекшілгі сол – бағалы сыйлықтар тігілген ұтыс ойыны ұшақ ішінде әуеде өткізілді.
Ал бұл жолы әуе компанияның мерейтойлық 5 млн-шы жолаушысы анықталды. Бақытты жанның есімі – Гүлмира Жортынбаева. Ол – Алматы қаласының тұрғыны. Жолы болғыш жолаушыға «FlyArystan» компаниясы кез келген халықаралық бағытқа барып, келуге арналған тегін сертификат табыстады.
Гүлмира Жортынбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- «FlyArystan» әуе компаниясының 5 млн-шы жолаушысы мен боламын деген ой мүлде түсіме де кірмеген. Қуанышымда шек жоқ. Түркияда тұратын қызыма бара жатыр едім. Ойда жоқта осындай тосын сыйға кенеліп жатырмын. Компания алғысым шексіз, жолаушылары көбейе берсін.
FlyArystan мұндай жетістікке бар болғаны 2,5 жылдың ішінде қол жеткізді. Қалай дейсіз ғой? Оның сыры – қолжетімді бағада. Әуе тасымалы нарығындағы ойын ережелерін өзгертіп, ұшақпен кез келген адамның ұшуына мүмкіндігі бар екенін дәлелдеді.
Ләззат Набиева, «FlyArystan» әуе компаниясының PR менеджері:
- «Түркістан-Ыстамбұл» рейсі – біздің халықаралық маршруттағы бірінші рейс. Одан кейін бізде Грузияның Кутаиси қаласына, Дубай қаласына, Түркістаннан Ташкентке ұшамыз. Сондай-ақ біз Ресейге ұшуға кеңес береміз. Біздің әуе флотта Airbus А-320 он ұшағы бар. Келешекте біз әуе лайнерлерін көбейтуді жоспарлап отырмыз.
Сапа мен қауіпсіздікті бірінші орынға қоятын «FlyArystan» компаниясының қызметіне жүгінушілердің саны күн санап артып келеді. Сондықтан компания елімізден бөлек, тағы да бірнеше шет мемлекетке әуе рейсін ашуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш