Алматы халықаралық әуежайы алдағы жылдары жаңа келбетке ие болады
Жаңа терминал пайдалануға берілсе, әуежайдың жолаушыларды өткізу мүмкіндігі екі есеге артады.
Алматы халықаралық әуежайының президенті еңбек ардагерлерін Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Солардың бірі – Жұман Әлібаев. Ол Алматы халықаралық әуежайында 46 жыл еңбек еткен. Еңбек жолын қатардағы инженерден бастап, жанар-жағармай қызметінің басшысына дейін көтерілген оның жолын қазір үш ұлы жалғастырып келеді.
Жұман Әлібаев, еңбек ардагері:
- Мен Алматы халықаралық әуежайының еңбек ардагерлерін құрметтеп ұмытпағандары үшін алғыс білдіргім келеді. Әуежай ардагерлері өмірінің көп бөлігін әуежайда қызмет істеуге арнады. Сіздерге үлкен рақмет.
Алматы әуежайында 300-дей еңбек ардагері бар. Сондай-ақ 25-тен астам отбасында әуежайда қызмет ету ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Олардың барлығы компания президентінің атынан мерекеге орай марапатқа ие болды.
Альп Эр Тунга Эрсой, Алматы халықаралық әуежайының президенті:
- Қазақстан – кемел әрі қуатты мемлекет, ал Қазақстан халқы – тағдыры ортақ біртұтас халық. Халықаралық әуежай барша қазақстандықтарды және осы әсем елдің қонақтарын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтайды! Біздің компания мемлекеттік мерекеге атсалысып және елдегі басты әуе айлақтарының бірін дамытуға үлес қосқанына қуанышты.
Groupe ADP құрамына кіретін түріктің TAV Airports Holding компаниясы әлем бойынша 26 әуежайды басқарады. Қазір Алматы халықаралық әуежайының иесі. Алдағы екі жылда холдинг өткізу қабілетін екі есеге, яғни жылына 14 миллион жолаушыға дейін арттыратын жаңа терминал салуды жоспалап отыр. Сондай-ақ TAV Airports Холдингі келгелі аймақтық жүк хабы ретінде Алматы әуежайы Еуропалық Одақ пен Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы мультимодальды транзиттік тасымалдау жобасын сәтті жүзеге асырды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев