ШҚО-да сандық жүйемен қамтылған наубайхана ашылды
Жергілікті іскер жан сандық жүйемен қамтылған наубайхана ашты. Тағы бір компания мемлекетпен әріптестік аясында білім ордасына жаңа ғимарат салып жатыр.
Кәсіпкер Ержан Дакиев наубайхана ашуды көптен бері жоспардап жүрген еді. Енді міне, бизнес жобасын өзі туып-өскен Шемонаиха шаһарында жүзеге асырды. Батыстағы әріптестерінің тәжірибесіне сүйене отырып, өндіріс орнын заманауи жабдықтармен қамтыған. Сандық жүйе ұн мен қамырды граммына дейін қалыпты мөлшерде өлшейді. Наубайханада қырық шақты нан өнімі түрлері шығарылады. Жергілікті тұрғындардан тауарға сұраныс күрт артқан.
Ержан Дакиев, кәсіпкер:
- Тұрғындар біздің өнімдерді жоғары бағалады. Наубайхананың техникалық әлеуеті зор. Швециядан әкелінген айналмалы пештің өзі жұмысты едәуір жеңілдетті. Әрі өнім де дәмді, хош иісті болады. 30 шақты адам жұмысқа алынды. Алға қойған жоспарым ауқымды. Тұрақтылық пен татулық орнаған елде бизнеске қолайлы жағдай жасалған.
Ауданда кәсіпкерлікпен бірге әлеуметтік саланың әлеуеті артып келеді. Мәселен, мектеп-гиназиясына жаңа нысан салынып жатыр. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған. Білім ордасында оқу ғимаратынан бөлек, өнер студиялары мен спорт кешені де қарастырылған.
Светлана Буднецкая, мектеп-гимназияның директоры:
- Құрылыс ойдағыдай жүріп жатыр. Техникалық қадағалаушы компания тиісті жұмыстарды үнемі бақылап отыр. Жобаны алдағы жылы аяқтау жоспарланған. Кестеден кешікпейді деп сенемін.
Ғимарат келесі оқу жылында есігін айқара ашпақ. Ауданда кәсіпкерлік пен әлеуметтік сала бірге дамып, ауылдық ағайынның әлеуметтік жағдайын жақсартуына сеп болды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Берік Жобалайұлы