ДДСҰ: қатерлі жаңа штамм таралуы мүмкін
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас хатшысы Тедрос Гебрейесус жаңа баспасөз мәслихатында осындай ескерту жасады. Оның айтуынша, әлем бойынша 90-нан астам мемлекет халқының әлі 40%-тін де толық егіп үлгермеген. Африкадағы вакциналау деңгейі тіптен төмен. Қара құрлықта тұратын адамдардың 85%-тен астамы бірінші дозаны салдырмаған. Ковид жұқтырып, ауруханаға түсіп жатқандардың басым бөлігі – препарат алмағандар. Бас хатшы жағдай осылай жалғаса берсе, «Омикроннан» да қауіпті жаңа штамм таралуы мүмкін деп сескенеді.
Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас хатшысы:
- Қазір коронавирус салдарынан аптасына 50 мың науқас көз жұмып жатыр. Бұл – сұмдық көрсеткіш. 36 елде вакцина салдырғандардың үлесі халық санының 10%-не де жетпейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аталған мемлекеттердегі кедергілерді жоюға барынша қол ұшын созып жатыр. Тегін берілген вакциналарды жеткізуде, екпеге деген тұрғындардың сенімін тудыруда, медицина қызметкерлерінің тапшылығын жеңуде үлкен қиындықтар бар. Біз сондай-ақ жүкті әйелдерді жаңа вакциналарды сынақтан өткізу үдерісіне қатысуға шақырамыз.