Алматыдағы «Француз үйі» жұмысын қайтадан бастады
Бұған қарамастан парфюмерия сататын дүкендер желісі тез арада қалпына келтіріліп, жұмысын 13 қаңтардан бастап кетті. Қазір Төтенше жағдай режиміне байланысты таңертеңгі сағат оннан кешкі жетіге дейін жұмыс істеп жатыр. Алматыдағы «Француз үйі» парфюмерия мен косметикалық бұйымдар сататын дүкендер желісі ретінде көпке танымал. Қақтығыс кезінде бұзақы топ оның барлық сауда орындарына бұзып кіріп, ішіндегі заттарды түгелдей қолды қылған. Онымен тоқтамай орталық «Француз үйін» өртеп жібермек болған. Күзетшілер олардан 5 канистр бензинді әзер алып, келгендердің бетін қайтарған.
Әсел Әшірбаева, орталық «Француз үйінің» аға менеджері:
- Осы дүкенді 5 қаңтарда түнде тонады. Бәрін көтеріп кеткен. Тіпті жиһазға дейін алып кетті дегенге сенесіз бе?! Мұнда әтірмен қоса өте қымбат тұратын брендті киімдер, құндыз тондар, гауһартас орнатылған алтын бұйымдар болған. Оның ішінде экскюзивті киімдер топтамасы да бар еді. Дегенмен, тәртіпсіздік басылған соң сауда үйін тез арада қалпына келтіруге тырыстық.
Дүкенді тонағандардың ішінде тіпті аяғы ауыр әйелдер мен бала көтерген адамдар да болған. Олардың емін-еркін жүргені бейнекамераға түсіп қалды. Қазір «Француз үйінің» орталық және тағы бірнеше дүкені қайта бүтінделіп, сауда жасауға кірісіп кетті.
Сәуле Жұмабаева, қала тұрғыны:
- Жиі келіп тұратынмын бұл дүкенге. Сыйлық алу керек болады, өзімізге бір әтірлер керек болады, косметикалық бұйымдар. Жалпы мына Алматыда болған жағдай жанымызға батты. Жанымызды ауыртты. Бүгін тағы келіп тұрмын. Сыйлық керек болды анама. Дүкенді қайта қалпына келтіріпті.
Француз үйі орасан зор шығын келгеніне қарамастан кәсібін қайта жалғастыруға ниетті. Ұжымның ауызбіршілігінің арқасында бүлінген дүкендерді 2-3 күннің ішінде қайта ретке келтіре алды. Оған қоса, парфюмерияның люкс түріне 40% жеңілдік жариялады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев