Зайсан ауданының 8 ауылы әлі күнге дейін газсыз отыр
Өңірде көгілдір отынмен қамту бағдарламасы осыдан 9 жыл бұрын әзірленгенмен, тұрғындар әлі де көмірмен жылынып отыр.
Сарытерек ауылының тұрғыны Әбдіқақ Кәрімовтің қысқы өмірі әлі күнге дейін көмірге байлаулы. Үй суымас үшін күніне екі рет пеш жағады. Мыңнан аса адам тұратын елді мекен аудан орталығынан небәрі 25 шақырым қашықтықта жатыр. Халық газға зар.
Әбдіқақ Кәрімов, Сарытерек ауылының тұрғыны:
- 6 тонна көмір жағамыз қыстай. Ол енді 6 тонна көмірді қыстай жағып шығасың, кіргізіп, қайта шығарасың. Ол қиын болса да, қиын болмаса да үй жылы болу үшін оған міндеттісің. Газ болса, онда енді біз көмір тасымаймыз ғой. Үй таза болады.
Ал осы аудандағы Үлкен Қаратал ауылының халқы көмір дегенді ұмытқан. Мектеп те көгілдір отынға қосылған. Бұл жаққа газ 3 жыл бұрын тартылды.
Ықылас Мұқанов, Үлкен Қаратал ауылы «Қазақстан» орта мектебінің директоры:
- Газға қосылғаннан бері шығын аз болды. Мектеп пен спорт залды қосқанда 5 млн-дай үнемделді. Мектеп жылы, жақсы болды. Оқушыларға да, бәріне ыңғайлы.
Қазір Зайсан ауданы халқының 80% газбен қамтылған. Көгілдір отын 8 ауылда жоқ.
Аян Сегізбаев, Зайсан ауданының ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Биыл газдандырудың үшінші кезеңі басталады. Оған бюджеттік өтінім жасалған. Қазіргі уақытта және мына мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жұмыстары жүргізіліп жатыр. 1 млрд. 400 млн. теңгеге жобалық – сметалық құжат жасалған.
Былтыр аудан тұрғындары табиғи газдың Қытайға сатылуын тоқтатқан болатын. «Енді биыл жерасты қазба байлағы қайтадан зерттеледі», – дейді мамандар. Болжам бойынша бұл аймақтың көгілдір отыны 15 – 20 жылға жетеді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов