Алматы көшелері су астында қалды
Арықтар тұрмыстық қалдықпен бітелгендіктен, ағын су арнасынан асып-тасып жатыр.
Алматыда жауын немесе қар жауса болды көлік қозғалысы тежеліп, кептеліс пайда болады. Мәселен, Төле би мен Яссауи көшелерінің қиылысында көлік тұрмақ адамның жаяу өтуі мүмкін болмай қалды. Дәл осындай жағдайды Абай-Әшімов және Мақатаев-Шәріпов көшелерінің қиылыстарынан да байқадық.
Бұған дейін қала аумағында су басудың 14 дерегі тіркелген. Барлық жағдай коммуналдық қызмет және Алматы қаласы ТЖД күшімен жойылған. «Арық жүйелерін тазарту жоспарға сәйкес атқарылады», - дейді мамандар.
Айдын Қалабаев, қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы:
- Суды кедергісіз өткізу және сорып шығаруды қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды ұйымдастыру үшін жалпы саны 650 адамнан тұратын мобильді бригадалар, 266 арнайы техника және 24 мотопомпа жұмылдырылды. 2000 қап құм дайындалды.
Наурыз айының басынан бері Алматыға жауған жауын қалыпты мөлшерден асқан. «Қазгидромет» мекемесінің болжамына сәйкес жауын алдағы екі күн бойы жауып, ауа температурасы 3-5 градус аралығында болады.
Авторлары: А. Садуақас. М. Құдықбаев