Үржар ауданының тұрғындары жүргізуші куәлігін ала алмай жүр
Аталған құжатты алу үшін тұрғындар 500 шақырым жердегі облыс орталығына сабылуға мәжбүр.
Ержанат Мұралы жүргізуші куәлігін алуға ниетті. Алайда бірнеше айдан бері сенделіп жүргенін айтады. Оқуын аяқтағанымен, ауданда тест тапсыра алмайды. Қалаға қатынау қалтаны қағады.
Ержанат Мұралы, Үржар ауданының тұрғыны:
- Жүргізуші куәлігін алудың машақаты халыққа оңай емес, бұқара халыққа қаншама шақырым жол жүріп, егер де тестілеуден өте алмаса, 2 күн пәтер жалдап тұру керек. Сол себепті билік басындағылар жүргізуші куәлігін алуды, тестілеуді осында тапсыруға мүмкіндік берсе екен.
Қалаға сабылып шаршаған тұрғындар ауданда автоцон ашылғанын қалайды.
Назерке Мырзаханова, Үржар ауданының тұрғыны:
- Қалаға дейінгі жол арақашықтығы өте ұзақ, әйел адам болғаннан кейін бала-шаға, отбасы бар. Бір күнде бітетін шаруа емес. Өзіміздің ауданда автоцон ашылғаны өте қажет.
Ержан Тілемесов, Үржар ауданының тұрғыны:
- Оқып бітірген 500-дей адам не Семейге, не Өскеменге тапсыру керек. Арақашықтығы – 500-550 шақырым жер. Жол шығынын әркімнің қалтасы көтере бермейді. Біздің жақта тек қана теория тапсырғанымен, практиканы қаладан келіп қабылдайтын, практика қабылдайтын жоқ, екеуі бір жерде болу керек екен. Қаладағы практика қабылдайтын мамандар, курсанттар жиналатын болса, мезгілімен қабылдауға дайын. Лицензия берілмей отыр. Президент аппаратына жаздық.
80 мың халқы бар ауданда көлік жүргізуді үйрететін мектеп бар. Тұрғындар білім алғанымен, автодром жоқтығынан әрі қарай әбігерге түседі. Халыққа қызмет көрсету орталығында да автодром жоқ.
Боранбек Кәкібаланов, мектеп директоры:
- Қазіргі таңда 500-дей адам жүргізуші куәлігін ала алмай жүр. Аудан үлкен болғандықтан автодромда емтихан қабылдағаны дұрыс, бұл үлкен мәселе болып тұр.
Әсел Дінахметова, ХҚКО Үржар аудандық бөлімшесінің басшысы:
- Бұл шаралар уақытша болып табылады. Өйткені бүгінгі күні теориялық емтихан тапсыру үшін жаңа ақпараттық жүйе енгізіледі деп жоспарлануда.
Айта кетейік, ауданға автодром салу үшін 60 млн теңге қаражат керек. Жоба жүзеге асқанға дейін халықтың күте тұруына тура келеді.
Авторлары: Әсем Өтешова, Әйгерім Ашықбаева, Медет Өмірханов