Атамекенге көшіп келген қандастарымыз кері қайтып жатыр
Алайда олардың дені –сапасыз. Мәселен, Сергеевка қаласында бой көтерген 45 баспананың қазір едендері ауыстырылып жатыр. Халық сақырлаған сары аязда қабырғалары сыз тартып, мұз қатқан, пеші дұрыс жұмыс істемейтін суық үйді паналауға мәжбүр болды. Олар қыстан амалдап шықты. Алайда шыдамы таусылған қандастар Иранға қайта көшіп кетті. «Ең сорақысы, уәде етілген жұмыс та болмай шықты», – дейді атамекеніне пана іздеп келген ағайын. Ал сапасы сын көтермейтін баспаналарды жөндеу үшін жергілікті әкімдік бюджеттен тағы 13 млн теңге қосымша қаржы бөлді.
Он шақты күн бұрын өңірге Жамбыл облысынан арнайы келген мына мамандар қазір үйлердің едендерін бұзып жатыр. Себебі жаңа баспаналарға кірген ағайын: «Жағдай уәде еткендей болмай шықты», – дейді.
Ескелді Әбдірахман, қандас:
- Пеш сөнсе, үй бірден салқындайды. Қазір мына едендерін ашып, құм толтырып жатыр ғой. Оны неге толтырып жатыр? Енді астынан жел үреді ғой. Қазір мына бос, адам тұрмайтын үйлерді бітіріп, одан кейін біздерге келеді.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Сергеевка қаласының мына ауданында осыдан екі жыл бұрын шамамен 50 шақты үй тұрғызылған болатын. Қазіргі таңда олардың жартысына жуығында халық тұрады. Жаңа деген тек аты ғана. Баспаналардың сапасы сын көтермейді. Сондықтан жергілікті билік бюджеттен қосымша ақша шығарып, оларды қайта жөндеп жатыр.
«Баспаналардың көбінің пеші дұрыс салынбағандықтан, от жаққанда үй іші көк түтін болады. Жаңбыр жауса, төбеден су сорғалайды. Қыста суық», – дейді тұрғындар.
Шал ақын ауданына былтыр Ираннан 12 отбасы қоныс аударған болатын. Жанға жайлы жағдай жасалмаған соң, жартысына жуығы қайта көшіп кеткен.
Несіп Қазақ, қандас:
- Қалай тұрамыз? Сапасы жақсы емес. Жұмыс болса, дым жоқ. Әкімге бардым, әкім жоқ дейді. Арман мырза әкімнің орынбасары соған бардым. «Шаруам жоқ сіздермен, сөйлеспеймін, кете беріңдер», – деді. Құдай қаласа біз де кетеміз. Отырмаймыз.
45 үйдің еденін жөндеуге қазынадан тағы 13 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Дегенмен кезінде комиссия бұл баспаналарды қалай қабылдаған? Неге бұрыңғы мердігер кемшілікті өз қаражатына жөндемейтіні түсніксіз.
Саят Омаров, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:
- Қостанайлық кәсіпкер аталған үйлерді 2019 жылғы техникалық талаптарға сай етіп тұрғызды. Тұрғындардың шағымдары бойынша біз бұл мәселені өзіміз шешуді жөн санадық. Дегенмен үйлер әлі кепілдікте. Сондықтан мамыр айында мердігер келіп, қалған шаруларды атқаратын болады.
Жалпы былтыр оңтүстік өңірлерден көшіп келушілерге арнап салынған үйлердің сапасын қадағаламаған екі ауданның әкімін Президент қызметінен босатқан еді. Бірақ бұл жергілікті шенділерге әлі сабақ болмай тұр.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов