Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде жасөспірімдер 1-сынып оқушысын бірнеше ай бойы зорлап келген
Сондай-ақ ол Бас прокуратурадан бұл істі бақылауға алуды сұрады.
Мұстафаның айтуынша, ұлын 3 жасөспірім зорлаған. Екеуі 7-сыныпта, үшіншісі одан да жоғары сыныпта оқуы мүмкін. Олар 1-сынып оқушысы дәретханаға шыққан кезінде қолдарын артына қайырып, тамағына пышақ тақап қорлаған. Жағдай бірнеше рет қайталанған. Бұл туралы әкесі 20 сәуірде ғана баласының киімдері бүлінгеннен кейін анық білген. Ертеңінде Наурызбай аудандық полиция басқармасына арыз жазған.
Мұстафа, баланың әкесі:
- Мұғалімі сабақ болып жатқан кезде бір өзін жібереді екен. Сонда ана балалар дәретханада болады. Бірінші күні қалай басталғанын сұрадым. «Бірінші мәрте дәретханаға кірдім. Көзімді жұмды, қолымды қайтарды», – деді.
Баланың әкесінің сөзінше, ол бірден полицияға арызданғанымен содан кейін 20 күн өтсе де, іс орнынан қозғалмаған. Әзірге олар күдікті жасөспірімдердің біреуімен ғана сөйлескен. Қалған екеуіне ешқандай шара қолданбаған.
Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:
- Бұл бір-екі күннің шаруасы емес. Тергеу аясында тағайындалған сараптамалық зерттеулер күрделі. Сондықтан істің анығына жету үшін біраз уақыт керек. Қылмыстық кодекстің нормасы бойынша заң шығарушы орган 20 жылға дейін бас бостандығына айыруды көздейді. Бірақ бұл азамат жасөспірім балалардан күдіктенеді. Үкім шығарарда міндетті түрде бұл жайт есепке алынады.
Айта кетейік, зорлық-зомбылық көрген бала жекеменшік мектепте оқиды. Лингвистика және математика негіздерін тереңдетіп оқытады. Бірінші сыныпта 12 бала ғана бар. Оқу ақысы айына 120 мың теңге. Одан бөлек, балаларды тасымалдауға тағы 15 мың теңге төлейді екен.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- Бұл істің анық-қанығын бала оқыған осы мектеп басшыларының өздерінен білмек болған едік. Бірақ біздің бұл әрекетімізден ештеңе шықпады. Есікті қанша қаққанымызбен, іштен шыққан жан баласы болмады. Күзетшілер де, мұғалімдер де бір ауыз тіл қатпады.
Сонымен қоса, «Не молчи KZ» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смайылова әлеуметтік желіде өткен жылы да сол мектепте буллинг, яғни баланы қорлап, кемсіту оқиғасының болғанын жазған. Енді ол осы мәселеге Мемлекет басшысының назар аударуын сұрайды. Істің мән-жайын білу үшін еліміздегі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен Балалар құқықтары жөніндегі штаттан тыс кеңесші Раиса Шер Алматыға аттанды. Ал мектепке жаңа жылдан бері бірнеше рет барып мұғалімдерге ескерту жасаған 1-сынып оқушысының әкесі: «Бұл зорлық-зомбылықтың алын алуға болар еді», – деп қан жұтып отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов