Павлодарда жас ананың өліміне туыстары дәрігерлерді кінәлайды
Олардың айтуынша, жаңа босанған әйелді қараусыз қалдырып, уақытылы көмекке келмеген. Марқұмның артында үш баласы мен жолдасы қалды.
Қайғылы оқиға қалалық перзентханада болды. Еркежан Әкімбекова үшінші ұлын дүниеге әкеліп, бірнеше күннен соң көз жұмды. Жолдасы Сағади Әкімбековтің айтуынша, түні бойы тоқтамай қан кеткен.
Сағади Әкімбеков, қала тұрғыны:
- Қан екінші күні де тоқтамады. Әйелім табиғатынан төзімді еді. Дәрігерлерді көп күтті. Бірақ тиісті ем-дом шаралары қолға алынбады. Осы жағдайда адам өлімін алдын алуға болатынын білемін. Бірақ әрекет жасалмады. Ешқандай препараттар қолданбады.
29 жастағы азаматша – медицина саласының өкілі. Мамандығы бойынша гинеколог. Перзентханада ауыр халде болғанда дәрігерлерге бірнеше рет барып, көмек көрсетуді өтінген. Бұл туралы ол жолдасына телефон арқылы хабарлап отырған. Дәрігерлерді шақырса да, уақытында көмек көрсетілмеген.
Сағади Әкімбеков, қала тұрғыны:
- Әйелім қайтып келмейді. Бірақ үш баланы анасыз қалдырған дәрігерлер салғырттық үшін жазаларын алуы керек. Сондай-ақ жұмыстан қуылуы керек деп ойлаймын. Бұл жағдай туралы полицияға өтініш жаздым. Әзірге іс басталған жоқ.
Қайғылы оқиға бойынша салалық басқарма қызметтік тексеріс жүргізген. Патологиялық-анатомиялық зерттеу де жасалып жатыр. Соның нәтижесінде жас ананың өлімінің нақты себебі анықталады.
Гүлнәр Боратаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- №1 қалалық аурухананың басшысы, оның орынбасарлары мен дәрігерлер сөгіс алды. Перзентхана бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды. Ол қарапайым кезекші маман қызметіне төмендетілді. Бірнеше күннен соң салалық министрлік жанындағы республикалық штабта қаралады. Әзірге жас ана «сепсис» салдарынан қайтыс болды деген байлам жасалды.
Патологиялық-анатомиялық зерттеу аяқталған соң, медициналық-фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің тексерісі басталады. Өкінішке қарай, облыста ана өлімі көп. Өткен жылы үш ана көз жұмса, жал басынан бері тағы үш әйел өмірден озды.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат