Қонаев қаласының бас жоспарына түзетулер енгізіледі
Осыған орай шаһардың бас жоспарына түзетулер енгізіліп жатыр. Қала ресми түрде Алматы облысының орталығы мәртебесіне ие болды. Атап айтқанда, 8 маусымнан бастап Президент жарлығы күшіне енді.
Қонаев облыс орталығы болуына байланысты, ең алдымен, қаланың бас жоспарына түзетулер енгізіледі. Болашақта қала Қапшағай су қоймасының оң және сол жағасын бойлай дамиды. Қазір мұнда Шеңгелді және Заречный ауылдық округтерінің тұрғындарын қоса есептегенде 62 мыңнан астам адам тұрады. Жақын күндері жаңадан салынатын тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттардың орналасу реті нақтыланады.
Нұрлан Құматаев, Қонаев қаласының әкімі:
- Келешекте халықтың саны 200 мыңға дейін жетеді. Әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтередң. Жаңа Іле деген орын дайындап жатырмыз. Ол жерде 1200 гектарға жуық жер учаскесі дайын тұр.
Шаһардың алдағы күндерге жоспары ауқымды. Болашақта бірнеше шағын аудан бой көтереді. Соның екеуі жақын арада салынады. Мемлекеттік бағдарламамен 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады. Оған инвесторларды тарту көзделіп отыр. Осыған байланысты өндірістік аймақтан құрылыс материалдарын шығаратын бірнеше кәсіпорын салынып, іске қосылады. «Сұранысты өтеу үшін, ең алдымен, жұмысшы мамандарды даярлау қажет», - деп есептейді қала тұрғындары.
Кенехан Тәжібаев, қала тұрғыны:
- Қаламызда құрылыс мамандығына оқытатын оқу орны жоқ. Сондықтан оқыту пунктін ашу керек. Оған лицензия беру керек. Қазір құрылыста істейтіндердің білімі жоқ. Орта буын профессионалдар жоқ.
Тағы бір мәселе – инфрақұрылымды жаңарту керек. Су, жылу, кәріз жүйелері ескірген. Көше жолдары мен тұрғын үй аулаларын қалыпқа келтіру қажет. Газ тарту жұмысы да күн тәртібінен түспейді. Шаһармен бірге жасап келе жатқан тұрғындар осылай дейді.
Татьяна Панфилова, қала тұрғыны:
- Мен Қонаевты өз көзіммен көргем. Ол кісі ГЭС пен су қоймасын және осы қаланы салуға зор еңбек сіңірді. Бұл жерде 1965 жылдан бері тұрамын. Қала менің көз алдымда пайда болды. Міне, 50 жылдан асты. Шаһарға Қонаевтың есімі берілгенде қатты қуандым. Облыс орталығы болдық. Енді қаламыз бұдан да көркейе түседі деп сенеміз.
Айта кетейік, Дінмұхаммед Қонаев елімізде 43 қаланың салынуына атсалысты. Соның жетеуі Алматы облысында. Ал ол кісінің есімі берілген Қонаев – облыс орталығы болумен қатар туристік қала. Қазір 140-қа жуық демалыс орны туристерді қабылдауға дайын. Былтыр 900 мыңға тарта адам келген. Ал биыл демалыс нысандары 1 млн-нан астам туристі күтіп алуға дайын.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов