Жетісулықтар ауызсу мен жол мәселесін шешіп беруді сұрайды
Өйткені көп жылдан бері жөнделмеген жолдың әбден тозығы жеткен. Осылайша, тұрғындардың аудан орталығына барыс-келісі қиындаған. Ал «Алматы-Өскемен» автомагистралінің ауыл сыртымен салынуы тұрғындардың тұрмысын тіпті қиындатып жіберді.
«Алматы-Өскемен» автомагистралі бұрын Қойлықтың дәл ортасымен өтетін. Айналма жол салынғалы бері жолаушылар мен жүк тасымалдаушылардың көбі елді мекен сыртымен жүретін болды. Ауылға көліктер кірмеген соң Жұмабала Қалиева сияқты сауда-саттықпен айналысатындардың кәсібі тұралап қалды.
Жұмабала Қалиева, Қойлық ауылының тұрғыны:
- Жағдайымыз төмендеп кетті. Мына ауылда бәрі саудамен күн көріп отырған. Ал қазір сауда жоқ. Жастар мүлде саудада жоқ. Қазір жетімсіреп, қараң қалды ғой.
Жұлдыз Баяшова, Қойлық ауылының тұрғыны:
- Трасса ауылдың шетіне ауысқалы біздің қарапайым дүкендердің саудасы 50% түсті. Одан да көп болмаса.
Рая Жаңабаева, Қойлық ауылының тұрғыны:
- Алма сатып күн көріп отырғанбыз. Біз әйтеуір зейнетақы аламыз. Оны алмайтындарға қиын болды ғой. Жұмыс жоқ.
Жол салуға жұмылдырылған ауыр техникалар мен құрылысқа қажет қиыршық тас ауыл ішіндегі осы көшемен тасымалданды. Соның нәтижесінде онсыз да 30 жылдай жөндеу көрмеген автомагистральдің быт-шыты шыққан. Ойдым-ойдым болып, шаңы бұрқыраған жолдың зардабын жергілікті тұрғындар тартып отыр.
Балтабек Дүйсебаев, жүргізуші:
- Көлік тұрмақ, мына жолда жаяу жүре алмайды. Құлап, сүрініп жатамыз. Салық төлеп жатырмыз, жөндеу керек қой.
Құдайберген Жұмағалиев, Қойлық ауылының тұрғыны:
- Жол нашар. Мына екі ортаға 20-30 минут жүресің. Жанармайды жеп қояды. Көлік дөңгелектеріне обал. Тілім-тілім тастар кіріп кетеді.
Тілеухан Нысанқұлов, Қойлық ауылының тұрғыны:
- Мына жақпен қазір ешкім жүрмейді. Ауылдың техникасына да. Ешқандай жағдай жоқ, көліктің бәрі быт-шыт.
«Талдықорған-Қалбатау» бағытындағы автомагистральдың құрылысы 2019 жылы басталып, биыл аяқталуы тиіс. «Ауылішілік жол аталған жоба негізінде шешімін табады», – дейді әкімдік қызметкерлері.
Айдар Қауменов, аудандық ТКШ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Қойлық ауылының ішімен өтетін Мәкетов көшесі – «Алматы-Өскемен» республикалық маңыздағы қарасты жол. Аталған жолға «Талдықорған-Қалбатау» жобасы бойынша Қойлық ауылы арқылы айналма жол салынып біткеннен кейін жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер CITIC Construction тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» жобаға енгізген.
Жауаптылар жол құрылысы аяқталғанда автомагистраль бойынан кәсіпкерлерге конкурспен жер бөліп бермек. Сол кезде сауда-саттық жанданып, тұрғындардың үйреншікті жұмысын жалғастыруына мүмкіндік болады деп отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев