Маңғыстау өңірінде қант жетпей жатыр
Ал жауаптылар: «Тұрғындардың үрейге бой алдыруы еш қисынсыз. Көп жағдайда халық ғаламторда тараған жалған ақпаратқа бой алдырады. Қазір аймақта қант қоры жеткілікті», – деп отыр.
Бұл – қала сыртындағы көтерме сауда дүкені. Бұл жерде құмшекердің келісі 460 теңгеден. Адам басына 3 келіден босатылады. Тұтынушылар: «Алыс та болса, осы жерге келіп аламыз», – дейді.
26-шағын аудандағы ірі дүкенге де халық көп барады. Бірақ қантқа таласқан адам көрінбеді. Мұнда құмшекердің келісі – 500 теңге. Бір тұтынушыға 2 келіге дейін алуға рұқсат.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Маңғыстау өңіріне қант Алматы және Жамбыл облысынан тасымалданады. Тұрақтандыру қорында қазір 220 тонна немесе 4400 қапшық құмшекер бар. Әр қапшықтың салмағы – 50 келі. Ақтаудағы дүкендерге аптасына 40 тоннадай қант босатылады.
Жалпы облыста 555 тонна қант бар. 220 тоннасы тұрақтандыру қорында, қалғаны Ақтаудағы ірі дүкендердің қоймасында сақтаулы. «Осы жерлерден сұраныс көлеміне қарай облыс аумағына таратылады. Келісіне 500 теңгеден аспауын бақылауда ұстап отырмыз», – дейді аймақ әкімдігінің өкілі.
Пікір Сансызбаев, облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары:
- Тұрақтандыру қорынан берілетін шекердің бағасы – 350. Ал тауар жеткізушілердің бағасы 460-тан 500 теңгеге дейін. Бірақ үй жанындағы дүкендерде кейде қалалық, аудандық бөлімдер барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Қажет болған жағдайда айыппұлға тартылады.
Шенеуніктің сөзінше, қант бағасына мониторинг күн сайын жүргізіледі. 2-3 келіден сатылуы да уақытша шектеу. Өйткені Ресей мен Беларусьтен құмшекер тасымалы тоқтап тұр. Таяу күндері Жамбыл мен Алматы өңірінен 5 вагон қант келуі тиіс. Тағы 10 вагон қант алдыруға келіссөздер жүріп жатыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев