Ақтөбе облысындағы Бестамақ тұрғындары автожол құрылысына наразы
Бестамақ елді мекеніндегі жұртты көлік дәлізінің округ орталығынан өтетіні алаңдатып отыр. Себебі төртжолақты жол түссе, көше тарылып, адамдардың жүріс-тұрысы қиындамақ. Тіпті қайғылы жағдайлар жиілеуі мүмкін. Ал жауапты мекеме өкілдері бекітілген жобаны тез арада өзгерту мүмкін емес деп отыр.
Бестамақ ауылы – болашақта пайдалануға берілетін Ақтөбе – Атырау – Астрахань тасжолының бойындағы елді мекендердің бірі. Алайда күре жолдың құрылысы қарқын алып, мұнда жақындаған сайын жергілікті тұрғындардан маза кеткен. Себебі онсыз да көлік ағыны бір толастамайтын екі шақырымнан асатын ауыл ортасындағы көшеде шу көп. Ал халықаралық маңыздағы жол түссе, онда қауіп көбеймек.
Тұрсын Рахманова, Бестамақ ауылының тұрғыны:
- Жолдың арғы бетінде дүкен, бергі бетінде мектеп бар. Немерелеріммен қалай барамын? Дүкеннің өзіне жетектеп шақ жүгіреміз. Көліктер күндіз-түні тыным таппайды. Ал оны қалай кесіп өтеміз?
Тұрғындар: «Ауыл ортасынан түсетін төртжолақты жолдан адам өміріне төнер қауіп орасан», - деді. Ал дәл осы жол бойында бірнеше тұрғын мен ірілі-ұсақты мал талай темір тұлпардан зардап шеккен. Әрі олардан тарайтын улы газдың өзі ауаны ластайтынын алға тартып отыр. Сондықтан жобада көрсетілген жолдың ауыл сыртынан өткенін қалайды.
Бейбіт Душаев, Бестамақ ауылының тұрғыны:
- Жобаны өзгерту өте қиын, білемін. Бірақ Бестамаққа келгенде екі жолаққа қысқаруы керек еді. Төрт жолақты қалай кіргізеді? Мүмкін емес, онда көліктер қақпаның қасынан өтеді.
Мұны ауылдық округ әкімі де мойындап отыр. Бірақ олар: «Пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асқан елді мекеннің орталық жолы осы ауқымды құрылыс кезінде жаңаланып қалғаны дұрыс», - дейді. Алайда ауылдықтардың қазіргі көтерген мәселесін тиісті ұйымдарға хат түрінде де жеткізіпті.
Қанат Дәулеталин, Бестамақ ауылдық округінің әкімі:
- Мемлекеттік сараптамадан өткізілген, мемлекеттік тапсырыс бойынша жасалып жатқан үлкен экономикалық жоба. Сондықтан халықтың талабы ескеріледі.
Тұрғындар талабының ескерілетінін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері де айтып отыр. Бірақ 2017 жылдан бері өткізілген қоғамдық тыңдаулар мен кездесулерден жергілікті жұрт әлі бір шешімге келмегенін алға тартуда. Ал жоба бойынша ауыл ортасынан бірінші санатты жол түссе, жаяу жүргіншілер үшін бірнеше жерден жолақтар, бағдаршамдар, тіпті өткелдер салып жарықтандыру қарастырылған. «Ал көше бойындағы үйлерге тақалып салынатындай мәселе туындамайды», - дейді. Себебі құрылысқа кедергі болатын нысандар әлдеқашан сатып алынып, сүрілген.
Марат Махамбетов, «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК АОФ директоры:
- Ашығын айтайын, мына жолды сыртпен айналып салу керек десе, жоба бірнеше жылға енді тоқтатылады. Бірақ шешім қабылдау үшін көлік жолдары комитеті бар. Осы сұрақтарды сонда көтеретін боламыз.
Ауылдықтардың наразылығын туғызған Ақтөбе – Атырау – Астрахань тасжолының құрылысы қазір қызу жүріп жатыр. Биыл тағы бір бөлігін іске қосу көзделген.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев