Хабар телеарнасы

Алматыда жәндіктерге қарсы жүргізілген залалсыздандыру препаратынан 4 оқушы уланды

Жалпы ауруханаға он жеті оқушы жеткізілген. Алғашқы тексеруден кейін олардың төртеуі төсекке жатқызылып, қазір ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы хабарлады. Дәрігерлердің айтуынша, оқушылар қаладағы қонақ үйлердің бірінде жәндіктерге қарсы жүргізілген залалсыздандыру препаратынан уланған. 7 мен 15 жас аралығындағы 17 жеткіншек Павлодар облысынан Алматыға жарысқа келген екен.

Алуа Жексенова, қалалық Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары:

 

- Келген кезде балалардың шағымдары бойынша бас айналуы, жүрек айнуы болды. Барлық 17 баланы дәрігерлер қарап, ішіндегі 4 баланы тәуліктік стационарлық ем алуға жатқыздық. Бүгінгі таңда жатқан 4 баланың жағдайы орташа ауырлықта. Емнің нәтижесі бар. Алдағы күндері шығарамыз деп жоспарлап отырмыз.