Өткен жылдардағы қуаңышылық биыл тағы қайталана ма?
Себебі бірнеше жылға созылған құрғақшылықтың зардабы қазір көзге көрінбесе де, көкейде кернеу тартып тұрғаны шындық. Содан болар, қыстың қамын ойлаған Батыс Қазақстан облысының шаруалары мал азығын дайындауға кірісті. Өңірдегі 1 млн аса мал басын қыстан аман алып шығу үшін 2 млн тоннаға тарта шөп қажет екен. Бүгінге дейін шалғы тиген 500 мың гектар шабындық алқаптан 250 мың тонна шөп орылды.
Бірнеше жылға созылған қуаңшылық Жаңақалалықтарға оңай тиген жоқ. Әр бума шөптің құны 10 мың теңгеге дейін шарықтап, мал азығын көршілес өңірлерден тасымалдауға тура келген. Биыл шөптің шығымы жаман емес. Пятимар ауылдық округінде 40 шақты шаруа қожалығы бар. Қыстан қысылмай шығу үшін олардың бірлесе іс-әрекет етуі аса маңызды.
Жасұлан Мәженов, Жаңақала ауданының тұрғыны:
- Шөп қымбаттау болып тұр ғой. Шаруа қожалықтарға да ренжуге болмайды. Мұндай уақытта соляркаларын азайтып, шаруа қожалықтарына көмектерін беріп тұрса екен. Сонда олар да бағасын түсіреді ғой. Былай айтқанда, шөп қымбат, малымыз арзанға кетеді.
Аудандар бойынша бір бума шөптің өзіндік құны – 2-4 мың теңге аралығында. Оған жанармай мен қосалқы бөлшектер, орама буатын жіп пен өзге де шығындар қосылады. Өткен жылмен салыстырғанда олардың бағасы 40-70% өскен. Дегенмен көктемде ылғал мол болды. Көлтабандарға су түсті. Шөптің өнімділігі жақсы болған соң6 шаруашылықтарға оның бағасын қымбаттатпау ұсынылды.
Жақсылық Хайрелов, Пятимар ауылдық округінің әкімі:
- Кейбір шаруа қожалықтары келіспей де жатыр. Өйткені жанар-жағармайдың, құрал-жабдықтардың қымбаттауы бар, осы мәселелерді алға тартып отыр. Дегенмен де жанар-жағармайға байланысты аудандық Ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі арзан бағада алып жатыр.
Біржылдық және көпжылдық жем-шөп дақылдарын егу кезінде шаруашылықтар қосымша шығынға бататыны рас. Соған сәйкес екпе шөптің бағасы табиғи мал азығына қарағанда қымбат.
Мейрамбек Ерахаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:
- Көктемде далалық жұмыстарға және егін ору науқанына облыстан жеңілдетілген жану жағармай бөлінеді. Далалық жұмыстарға шаруашылықтарға 188,5 теңгеден берді. Білесіз, бәсекелестік ортада дизель отынының бағасы 240 теңгеден төмен емес. Алдағы уақытта жаппай шөп шабу науқанына кіріскеннен кейін осы бәскелестік әсерінен шөп бағасы түседі деп күтіледі.
Әзірге Ақжайық, Бөкей ордасы, Казталов, Теректі аудандары мен Жалпақтал ауылдық округінде бір бума табиғи шөп бағасы 6 мың теңгеден сатылып жатыр. Бұған ең алдымен тасымал шығыны әсер етеді. Жоғары баға негізінен аудан орталықтары мен ірі агроқұрылымдар орналасқан округтерде қалыптасып отыр.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов