Бүкіл әлем бойынша инфляция деңгейі шарықтап барады
Бұл, әрине, Қазақстанға ықпал етпей қоймайды. Ресми деректерге сәйкес біздің елдегі инфляция 14,5% жетті. Бұған гесосаяси жағдай тікелей әсер еткені хақ.
Инфляцияның өсуін қарапайым халық азық-түліктің бағасынан біледі. Бағаның біздің елде ғана емес, шетелде де аспандап кеткенін жұртшылық білмей отырған жоқ. Мұны Ұлттық банк жүргізген халықтың инфляциялық күтулеріне қатысты кезекті сауалнама нәтижелері көрсетіп отыр.
Рүстем Оразалин, ҚР Ұлттық банкі Ақша-несие саясаты департаментінің директоры:
- Маусымда халықтың инфляциялық күтулері 14,8% дейін өсті. Естеріңізге салсам, мамырда бұл көрсеткіш 11,7% болған. Елдің ұзақмерзімді және қысқамерзімді дамуын бағалау жақсарды. Нақтырақ айтсақ, елдің бір жылға және алдағы 5 жылға даму келешегін оң бағалаған респонденттердің үлесі сәйкесінше 47-48% дейін өсіп отыр.
Қазақстанда инфляция биыл наурыз айынан бастап өсе бастады. Отандық нарықтың импортқа тәуелді екенін ескерсек, Қазақстанда инфляция көрсеткішін төмендету үшін ең алдымен өндіріс орындарын дамыту қажет. Бүған Үкімет баса назар аударуы тиіс. Ал Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгертіп қана инфляцияны ауыздықтауға ықпалын тигізе алады.
Юрий Масанов, экономикалық шолушы:
- Ұлттық банк үшін инфляцияны ырықтаудағы негізгі механизм – ол базалық ставка. Халықаралық сарапшылар жыл соңында немесе келер жылдың басында инфляция шарықтайды деп отыр. Қазақстан базалық ставканы көтеру арқылы инфляция өсімін азайта алады.
Ұлттық банктің болжамынша, базалық мөлшерлемені қазіргі 14% түсірмей, сақтап қалу 2023 жылы инфляция деңгейін 7,5-9,5% дейін төмендетуге ықпал етеді.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Серік Қоңырбаев