Арқалықтан елордаға қатынайтын жолдың сапасы сын көтермейді
Себебі жолдың күйі нашар. Су жаңа көліктердің өзі шыдас бермей, орта жолда бұзылып жатады.
Төрт бірдей облысты байланыстыратын осы жол Тобыл өңірінің 125 шақырымын қамтиды. Әсіресе Арқалықтан Ақмола облысының шекарасына дейінгі 38 шақырымы әркімді сарсаңға түсіреді. Тұрғындардың айтуынша, жол үш жыл сайын жүрдім-бардым жөнделеді. Әр жерін жамап-жасқағанымен сол таз қалпына түседі.
Серік Төлекбаев, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Державиндегі екі ортадағы жол қандай азап. Мысалы, Державинге соқпас үшін сол жолды айналып өту үшін өмірімізді қауіпке тігіп, «Далабай» деген жақпен жүреміз. Ол жақтағы жүретін көпірді көрсеңіз, қылкөпір деп ойлайсың. Адамдарды түсіріп, жаяу өткіземіз. Өйткені бар мақсатымыз –
жаман жолдан қашу.
Айналма жолдың өзі жаңбыр жауса, батпақ, күн ысыса, шаңы аспанға көтеріледі. «Қалай дегенмен бар тіршілік осы жалғыз жолға қарап тұр», –дейді арқалықтар.
Данияр Сұлтанұлы, тілші:
- «Жезқазған – Петропавл» бағытындағы жолдың сиқы мынау. Көлігіңіз қанша жерден жүйрік болса, Ақмола облысындағы елорда бағытымен желмен жүйтку мүмкін емес. Ой-шұңқыры көп, шұрқ-тесік. Абайламасаңыз, темір тұлпарыңызды оңдырмай соғып алуыңыз мүмкін. Сондықтан жылдамдықты жиырма шақырымнан асырмай, баяу жүруге тура келеді.
Жолды күтіп ұстауға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жауапты. Мекемедегілер барлық проблемадан хабардар. Оны шешу бойынша атқарылатын жұмыс жоспары мынадай.
Ләззат Стамғазиева, «ҚазАвтоЖол» ҰК» баспасөз хатшысы:
- Ақмола өңірі бойынша жолдың жалпы ұзындығы 68 шақырымды құрайды. Оның бірінші 32 шақырымында 2018-2019 жылдар аралығында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Қалған шақырымдарына биыл қаражат бөлінді. Мердігерді анықтағаннан кейін орташа жөндеу жұмыстарына кіріседі. Қостанай арқылы 38 шақырымы жатыр екен. Ол жерде де дәл осылай. Биыл қаражат бөлінді. Мердігерді анықтау бойынша конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр.
Мердігер анықталғанша өзге де жолдардың сапасыздығына қатысты шағымдарды «ҚазАвтоЖолдың» call-орталығына хабарлауға болады. «Сурет немесе бейнежазбалар ретінде жіберілген материалдар жауапсыз қалмайды», – дейді компания өкілдері.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Андрей Деменок, Сергей Трахтенберг