Жүк көліктері қазақ-қырғыз шекарасында кептеліс тудырды
Жүк көлігінің жүргізушілері сағаттап күтуге мәжбүр. Өйткені арғы беттегі ағайын Қазақстанның арзан отынына қызығып, Қордайға ағылып жатқан көрінеді. Себебі Қырғызстанда дизель бағасы біздікінен әлдеқайда қымбат сияқты. Осыны білетін көрші елдің кей пысықайлары, тіпті жанармай саудалауға көшкен.
«Қарасу» кеден бекетіндегі жүк көліктерінің тізбегі екі шақырымға дейін созылған. Шекарадан ары-бері өтушілердің де қатары көп. Ауыр техникалардың кептеліс себебін шекара қызметі түсіндірмеді. Ал жергілікті тұрғындардың айтуынша, қырғыз жүк көліктері Қордайға келіп жанармай құюды жиілеткен. Өйткені көрші елдегі жанармай бағасы қымбат.
Шекара қызметінің мәліметінше, қазір елімізге тәулігіне 4,5 мың жүк көлігі кіреді екен. Соның 70% шет елдікі. Нәтижесінде, айлық жанармай тұтыну көрсеткіші 120 мың тоннаға артқан. Қырғыз көлік жүргізушілерінің айтуынша, көрші елді дизельді литрі 372 теңге болса, елімізде 230 теңге.
Қордайдағы 15 жанармай құю бекетінде әзірге сұйық отын тапшылығы жоқ. Бірақ кейбір бекеттер жүк көліктеріне 100-200 литрға дейін шектеу қойған. Алайда жанармай құю бекетінде тіркемесіз жүк көліктері кезекте тұр. Олар біздегі арзан отынды өз елдеріне апарып қымбатқа сатуда.
Бақыт Сахатов, Қордай ауылдық округінің әкімі:
- Қырғызстанға кетіп жатқан жанар-жағармаймен проблема болып жатыр. Кеденде кептелістер, жанармай станцияларында кептеліс болып жатыр. Енді бұған заңды түрде шектеу қоймаса, біз ештеңе істей алмаймыз.
Осы орайда еліміздің Энергетика министрлігі дизель отынына теңгерімді баға енгізу туралы заң жобасын жасаған. Нақтырақ айтсақ, жанармай бағасы шет ел азаматтары үшін қымбат бағада сатылмақ. Қордай ауылдық округында 27 шаруа қожалығы бар. Жергілікті шаруаларға субсидия аясында дизель отыны 211 теңгеден сатылады екен.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев